ЕЛГЕ ЕЛ ҚОСЫЛСА – ҚҰТ

13:44, 11 сәуір 2019

Қазір жұрт жұмыс іздеп қалаға қарай ағылса, Қарағанды облысының Қарқаралы ауданына қарасты Қоянды ауылына керісінше жастар қаладан көшіп барып жатыр. Себебі жергілікті кәсіпкер оларға барынша жағдай жасап отыр. Тегін үй беріп, алдына азын-аулақ мал берген. Ал жергілікті билік бау-бақша өсіру үшін жер бөліп, жеңілдетілген несие алуға жәрдемдеседі. Жақында ауылға Шымкенттен 9 отбасы қоныс аударды

Алыстан ат терлетіп жеткен көшті ауылдағы ағайын құшақ жая  қарсы алды.  Әйгілі Қоянды жәрмеңкесінің ізі қалған киелі өңірдің жері шұрайлы. Мал өсіріп, диқаншылықпен айналысуға өте қолайлы мекен, - дейді жергілікті жұрт. 9 отбасының Шымкент қаласынан көшіп келуінің бір сыры да осында жатыр.  Оның үстіне оларға тегін үй, азын-аулақ мал, жер берілді.

Қасымбек ЮЛДАШЕВ, қоныс аударушы:

-Қоянды еліне құдай қаласа баламды әкеліп отырмын, осы жерде өсіп-өнсін деп. Үй алдық анау шеттен, үйім жақсы енді. Мал шаруашылығымен айналысамыз, әрі диқаншылықпен шұғылданамыз, көреміз.

Қазір Қоянды ауылында 90-ға жуық отбасы тұрады. Тоқырау жылдары жұрт жаппай қалаға көшкен кезде, мұндағы 19 үйді жергілікті кәсіпкер Нұрлан Қалтаев меншігіне сатып алған. Кейін бастан аяқ жөндеп, сақтап қойыпты. Енді сол баспаналарды ауылға келген азаматтарға тегін үлестіріп жатыр.

Нұрлан ҚАЛТАЕВ, кәсіпкер:

-Ауылға дипломмен» бағдарламасы бойынша математика пәнінен, физика, ән-күй пәндерінен мұғалімдер шақырып жатырмыз, тағы сол оңтүстіктен. Сол енді, Алланың қалауымен ауылымыз көркейіп, гүлденеді деп сенімдеміз.

Кәсіпкер бұған дейін ауылда отбасылық үлгідегі балалар үйін де ашқан. Оған себеп елді-мекендегі мектепті сақтап қалу. Білім ошағының директоры Аян Исабаев жұбайы екеуі  осыдан бір жыл бұрын отбасылық балалар үйіне көшіп келген. Өздерінің 4 баласымен қоса, ата-ана қамқорынсыз қалған 5 жеткіншекті  тәрбиелеуде.  

Аян ИСАБАЕВ, Қоянды ауылының мектеп директоры:

-Көшіп келіп жатқан қонақтардың әр отбасында 3-4 баладан, үлкен отбасында 6 балалылары бар екен. Сол 30 бала қосылса, мысалы 90-нан асамыз, бала саны. Орта мектептің талабына келіп тұрмыз. 11-12 сынып ашылса, орта мектеп дәрежесін аламыз. 

Келешекте ауылда тағы осындай отбасылық үлгідегі екі бірдей балалар үйі ашылмақ. Бұған дейін  елге жанашыр азамат  туған ауылына мешіт және балалар алаңын салып берген.

Райхан САЙРАНБЕК

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар