ӘЛЕУМЕТТІК СҰРАҚТАР НАЗАРДА

17:31, 15 қазан 2020

Қарқаралы ауданында медицина мамандарының жетіспеушілігі өзектілігін біртіндеп жоюда. Бұған ақ халаттыларға жасалып жатқан жағдайлар сеп. Мәселен, өңірде сала мамандарына тұрғын үй беріліп жатыр. Жанданып, қалыпқа келтірілген баспаналарды облыс әкімі Жеңіс Қасымбек көріп қайтты

Кезінде қаңырап бос тұрған жатақханалар енді ақ халаттылардың жайлы баспанасына айналуда. Нысан қалпына келтіріліп, мұнда заманға сай жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір пәтер кілттері иелеріне табысталған. Осылайша Қарқаралыда медицина мамандарының жағдайына айтарлықтай көңіл бөлінуде. Қаладан ауылға барып, еңбекпен қамтылған жас дәрігерлерге бүгінде жан-жақты жағдай жасалуда. Оларға ұсынылған пәтерлер барлық керек жабдықтармен қамтылған. Қажетті тұрмыстық техникадан бастап,  тіпті түрлі үй жиһаздары сатып алыныпты.  

Ақтоты НҰРПАЗЫЛОВА, аудандық аурухананың терапевт-дәрігері:

-Мен елордада резидентурада білімімді шыңдадым. Жыл сайын Қарқаралыға тәжірибеге келіп тұратынмын. Аурухананың ұжымы маған өте қатты ұнайды. Науқастармен де танысып алдым. Маған баспана беріп, жұмысқа шақырғанда бірден келісімімді бердім.

Бұдан бөлек жұмыс сапары барысында аймақ басшысы өңірге өң берген бірқатар жаңа нысандарды аралады. Күн санап көркейіп келе жатқан ауданда дене шынықтыру және сауықтыру кешені мен теннис орталығы жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, тұрғын үй құрылысы қарқынды. Қалада үй кезегінде тұрған жандар үшін 72 пәтерлі 4 үй салынып жатыр. Алайда, мердігерлер кестеден кешеуілдеп жатқан көрінеді.

Аймақ басшысы Егіндібұлаққа да атбасын бұрды. Естеріңізге салсақ, ауыл тұрғындары осыған дейін №43-ші орта мектепте жөндеу жұмыстары созылып кеткенін айтып, шағымданған еді. Елді мекеннің мәдениет үйінде де осы тектес жағдай. Мердігерлер міндетіне жүрдім-бардым қарап, кестеден қалып қойған. Енді сұрақ астында қалған жауапты компания бір ай ішінде барлық жұмысты тәмамдаймыз деп ақталуда. Бұдан бөлек облыс орталығына қатынау да мұң көрінеді. Ауылда қоғамдық көлік мәселесі өзекті. Бұл жөнінде облыс әкімі екі апта ішінде шешімін табамыз деп уәде етті.

Келер жылы Егіндібұлақты серпінді серпіліс күтіп тұр. Мұнда дене шынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы басталады. Сондай-ақ, көше мен аулаларды қалыпқа келтіріп, жарықтандыру үшін 250 миллион теңге қазынадан қарастырылып отыр.

Қарағайлы кентінде де оң өзгерістер бар. Санитарлық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысы тәмамдалды, енді орта мектеп те жөндеу көріп, жандануда. Аймақ басшысы Қарқаралыдан Қарағайлыға дейін салынып жатқан жол құрылысына да бағасын берді. Мердігер алдында енді 2 шақырым жолды салу міндеті тұр. Бұл жұмысты компания қыс түскенше тәмамдауы тиіс.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

"АРАЙ" БАЗАРЫН ӨРТЕГЕН ЕКІ КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ
16:34, 23 қазан 2020
"АРАЙ" БАЗАРЫН ӨРТЕГЕН ЕКІ КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар