ЭЛЕКТРОНДЫ БИЛЕТ – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ

21:22, 13 сәуір 2018

Жақында, әлемдік талапқа сай «Smart city» жүйесі Қарағанды қаласында да енгізілмек

Оның алғашқы қадамын тұрғындар электронды билеттеу құрылғысын қолданудан бастайды. 12 жылдан бері бұл бағытта жұмыс жасап келе жатқан кореялық инвесторлар облысымызда тәжірибелерімен бөлісті. Бұл жаңашылдық қашан қолданысқа енеді?

Қарағанды қаласында қоғамдық көліктің жүру кестесін бақылайтын ақылды аялдама, электронды билет енгізу жұмыстары жалғасуда. Елімізге арнайы Корей елінен келген делегат тиімді жобаны қарағандылықтарға ұсынуға қызығушылық танытқан. Пусан қаласының инвесторлары «ақылды қала» жүйесін енгізуде жұмсалатын  шығынды өз мойындарына алып отыр. Бұл қаладағы барлық жолаушы тасымалдаушы мекемелердің шетелдіктермен жасалған 10 жылдық меморандумның жемісі.

Хан ГИ СОН    Пусан қалалық жолаушылар тасымалы бөлімінің жетекшісі

Біз қаладағы қоғамдық көлік қозғалысын мүмкіндігінше қолайлы және тиімді етуді қалаймыз. Біз 20 жыл бойы осы бағытта жұмыстар жасап келеміз.  Тұрғындардың  қауіпсіздігі мен жайлылығы басты мақсатымыз.  Қоғамдық көлікпен жүру жеке автокөлікпен жүруден де ыңғайлы болу үшін бәрін жасауға тырысамыз.

Кәріс ивесторлары Қарағанды қоғамдық көліктеріндегі кейбір кемшіліктерді байқап үлгерген. Айтуларынша, шаһардағы автобустардың жүру аралық уақыты түсініксіз, әрі кондукторлардың қызметтегі мәдениеті мәз емес көрінеді. Ал электронды билет енгізген тұста олар жұмыссыз қалмақ.

Ескендір ҚАБИДОЛЛА қалалық «Көлік жолдары және жолаушылар тасымалы» бөлімінің жетекшісі

Кондуктор арнайы мамандықты талап етпейтін қызмет болды. Ақша санай алсаң болды, жұмысқа алына берді. Тасымалдаушы тараптан ақпарат жиналу үстінде. Қамту бөлімінен де қанша жеңілдікке құқылы адам бар екендігі жөнінде мәлімет алынбақ.  Біз алдымен тегін жүруге болатын жандарға арнайы карточканы беретін боламыз.

Аталмыш жүйені кәріс инвесторлары 2 жыл бұрын Волгоград қаласына енгізіпті. Шетелдіктер енді қоғамдық көліктен түскен табыстың белгілі бір мөлшерін Қарағанды қаласынан алуды көздеп отыр. Алайда, жергілікті билік өкілдері бұл ұсыныстың негізсіз екеніне сенімді.  

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар