ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯҒА ҚОЛДАУ

17:26, 3 қазан 2019

«Эко сағат» Республикалық акциясы Қарағандының № 103 гимназиясында жалғасын тапты. Жас буын өкілдерінің экологиялық білімін жетілдіруге бағытталған ауқымды шараға облыс әкімі Жеңіс Қасымбек те қатысты. Аймақ басшысы балалармен бірге ағаш егіп, олардың қызықты сауалдарына жауап берді

Полиэтилен мен өзге де қатты қалдықтар күн сайын қоршаған ортаның сәнін қашырып, зиян келтіруде. Айналаның шектен тыс лас болуы – ұрпақ болашағына көлеңке келтірері хақ. Сондықтан, ауқымды проблеманы Экология министрлігі басты назарға алып отыр. Жер – жерде түрлі акциялар ұйымдастырып, өскелен ұрпақтың тәрбиесінде оң ықпал ететін бастамалар жүзеге асып жатыр.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, Қарағанды облысының әкімі:

-Мақсаты - бүгін балалармен бірге экология мәселелерін талқылау.Бәріміз жақсы білеміз, таза су,таза ауа - адам өміріне қажетті нәрселер. Жақсы пәтер,қаражат, жұмыс орны емес, бізге керегі жақсы экология.

«Таза үй. Таза көше. Таза қала». Шара қатысушыларын бір ұран мен ортақ мүдде біріктірген. Олар сөз басын экологияның өзекті мәселелерін талқылаудан бастады. Артынша мүмкіндікті қалыс жібермей, аймақтың жаңа басшысына салмақты сауалдарын да жолдап үлгерді.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, Қарағанды облысының әкімі:

-Облыс әкімі болу - мемлекет басшыларының сенімі. Ең басты мақсат, сол сенімді ақтау. Осындай кішкентай төрт балам бар. Үлкені мектеп бітірген, жоғарғы оқу орындарында. Бұл мен үшін үлкен бір жетістік.

Жаңашылдыққа толы акция барысында «Recycling» компаниясының директоры қатты қалдықтарды өндеудің өзгеше бағытын тынстырды. Тың жоба оқушылар мен қарапайым халықтың экологиялық мәдениетін арттыруды көздейтін көрінеді. 

Нұржан ҚҰНДАҚБАЕВ, «Recycling» ЖШС директоры:

- Менің ойымша, бұл үлкен көмек. Егер мәселе жайлы жиі айтып, көрсетіп отырсақ, сұрақ шешімін табар едік. Қатты қалдықтарды дұрыс сұрыптап, қайта өңдеу үлкен маңызға ие.

Шара соңында Жеңіс Махмұдұлы жас табиғат жанашырларымен бірге тал егіп, қоршаған ортаның несібесін арттырды.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар