ДЗЮДОДАН ДҮБІРЛІ ДОДА

15:55, 25 қыркүйек 2018

Шет ауданына қарасты Ақадыр кентінде дзюдодан «Астана моторс» жүлдесін сарапқа салған республикалық турнир өз мәресіне жетті. Астананың 20 жылдығы және Шет ауданының 90 жылдығына арналған бәсекеде еліміздің 13 аймағымен қатар көршілес жатқан Қырғызстан мемлекетінің балуандары бақ сынасты

Дәстүр жалғастығы үнемі үзілмейтін  жарыс осымен Ақадыр кентінде алтыншы рет жалауын желбіретті. Республикалық турнир салтанатты түрде ашылды. Ресми рәсімге «Астана Моторс» компаниясының өкілдері, жергілікті билік пен қадірлі қонақтар бір кісідей қатысты. Аталған алпауыт компания сайысқа демеушілік етті. Ал  Алматы мен Астана, Ақмола  Шығыс Қазақстан және Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл,  Қостанай  Қызылорда, Қарағанды мен көршілес Қырғызстан үмітін үкілеген балғындар аянып қалмады.

Дамир КҮШКЕНТАЕВ, «Астана Моторс»  компаниясының өкілі:

-Барлық қатысушыларға зор денсаулық тілеймін.Турнирде тек  күштілері озып шықсын. Мемлекет басшысы еліміздегі спорттың дамуына көп көңіл бөледі. Ақадыр кентінде кейінгі жылдары  самбо мен дзюдо және ауыр атлетиканың көкжиегі кеңейіп келеді.

Бәсі жоғары бәсекеде биыл барлығы 300-ден астам  палуан сынға түсті. Бұл жолы татамидің үстінде 2003-2004 жылдар аралығында дүниеге келген жасөспірімдер  өнер көрсетті. Олар күштілердің сынында сағы сынып, жасып қалмады. Керісінше жасындай жарқырады.

Жанат МЕДЕУБАЕВ, турнирдің бас төрешісі:

-Жалпы мақсатымыз дзюдо күресі мен спортты насихаттау.  Жасөспірімдерді баулу.Келешекте шәкірттерімді  дүбірлі додаларда көреміз деген үміттіміз.Осындай жарыстар балғындардың тәжірибесін толықтырады.

Тоғыз салмақ дәрежесі бойынша кіл мықтыдан, кім мықтыны анықтаған сайыста спортшылар жеңісті жолдан жаңылмауға тырысып бақты.Жапон күресін жандарына серік еткен балаң оғыландар арасында халықаралық және республикалық додаларда топ жарып жүргендері жетерлік.Ақтөбелік Асқан Құрмышев белдесуде ешкімге есе жібермей, еншісінен қағылмайтынына бек сенімді. Дзюдо әліппесін енді қана тани бастаған жас өреннің алған асуынан ат үркетіндей.

Асқан ҚҰРМЫШЕВ,  турнирге қатысушы /Ақтөбе облысы /:

-Осы жарыста спорт шеберлігіне үміткер атанғым келеді.Менің салмағымда бәрі мықты.Оңай қарсылас жоқ.Болашақтағы арманым олимпиада чемпион болу.

Дүбірлі доданың әділ өтуі мен палуандардың белдесуін   халықаралық және Қазақстанға белгілі  төрешілер бақылады.Екі күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша жүлдегерлер қатарына іліккендерге спорт шеберлігіне үміткер атағы берілді.Сонымен қатар жеңімпаздар арнайы медальдар мен  қомақты ақшалай сыйақыларға ие болды.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар