ДІНИ САУАТТЫЛЫҚ ҚАЖЕТ

13:32, 15 қараша 2019

Қарағандыда «Әнет баба» атындағы орталық мешітте дәріс семинар өтті. Келелі кездесуде дінтанушылар отбасы құндылығы мен әйел адамның қоғамдағы рөлі тақырыбында ашық пікір алмасты. Әсіресе, қыз-келіншектерге жат ағымнан сақтанудың жолдары түсіндірілді. Аталмыш шара Дін істері комитетінің ұйытқы болуымен ұтымды ұйымдастырылды

Бұл жолғы кездесудің әсіресе аналар мен қыздар үшін жөні бөлек. Семинарда Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің PhD докторы Шамшат Әділбаева жат ағымнан қорғанудың амалдары мен аспектілерін  ашып айтты. Исламтанушы ғалым қатысушыларға адамзаттың асыл тәжі атанған пайғамбарымыздың  хадистері мен сүннетерінің мазмұн мағынасын  тәптіштеп түсіндірді.

Шамшат ӘДІЛБАЕВА, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің PhD докторы:

-Отбасы  институты  аздап бұзылып жатқан кезеңде біз қоғамда әйелдердің  орнын көтеруіміз қажет.Ата –бабаларымыз өмір сүрген ғасырларға қарайтын болсақ, әйел қоғамның беделді мүшесі болған.Ал ана ретіндегі олардың  міндеттеріне тереңнен тоқталамыз.

Шарада дінтанушылар әйел жамағаттарға отбасының құндылықтарын  ата-бабамыз ұстанған  салт-дәстүрімізбен  сабақтастарып жеткізді.Жалпы рухани кешке 100-ден астам адам қатысты.Білікті ғалым нәзікжандылар қауымының қоғамдағы және діндегі рөлі тақырыбында  да емен жарқын ой бөлісті.Келелі кездесуде аналар мен арулар толғандырған сауалдарына тиісті жауап алды.Дәл осындай дәрістер қазіргі уақытта  еліміздің сегіз аймағында өткізілуде.

Толғанай МҰСТАФИНА, ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі:

-Өкінішке қарай әйел адамдардың  радикалдану үрдісі  тоқтамай жатыр. Сондықтан   дінге енді бет бұрып жатқан  қыз-келіншектерді  біз дер кезінде  профилактикалық  іс-шаралармен қамтуға тырысамыз. Әрі әйел жамағатқа еліміздің тұтас татулығын түсіндіруге септігімізді тигізу.

Ал экстремизм  мен терроризм қашанда өзекті мәселе. Себебі қоғамда қылаң беретін індет бүгінде әлем елдерін де қатты алаңдатып отыр. Сондықтан шым шытырық ағымдарға шырмалып қалмау үшін, діни сауаттылықты арттыру әсте маңызды –дейді, республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері. Ашық пікір алаңына айналған мұндай  кездесулер Абай ауданындағы түзеу мекемесі мен Қарағандының бірнеше  оқу орындарында өз жалғасын тапты.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар