ДӘУРЕН АБАЕВ: ШЕРХАН МҰРТАЗА ІЗЕТТІЛІК ПЕН ЗИЯЛЫЛЫҚТЫҢ ҮЛГІСІНЕ АЙНАЛҒАН ТҰЛҒА

12:52, 11 қазан 2018

«Қазмедиа орталығының» киноконцерт залында Халық жазушысы, «Қазақстан» корпорациясының ардагері Шерхан Мұртазаның қайтыс болуына байланысты қаралы митинг өткізілді.

Жиынға Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Қазақ телевизиясының ардагерлері Сұлтан Оразалин, Ерлан Қожагелдиев, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, сатирик Көпен Әмірбек, «Qazaq radiosy»-ның директоры Серік Әбдуәлі қатысып, қаламгердің шығармашылық жолын баяндап, өмірі туралы жарқын естеліктермен бөлісті.  «Социалистік Қазақстан», «Лениншіл жас», «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» сияқты бірнеше қабырғалы басылымға, «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокомпаниясы сынды ірі медиаұйымға басшылық жасаған қаламгер отандық журналистиканы өркендетуге қомақты үлес қосты. Газетте де, телеарнада да журналистердің әлеуметтік мәселелерін шешіп, қамқорлық жасады. «Шерханның шекпенінен шыққан» деп мақтана алатын майталман мамандарды тәрбиеледі. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты ретінде де қыруар шаруа атқарды. Ал, қарымды публицист, қайраткер ретінде қоғамның көкейкесті мәселелерін көтеріп, ұлт мүддесі үшін риясыз қызмет етті. Жазушының «Қызыл жебе», «Ай мен Айша», «Интернат наны» сияқты құнды туындылары қазақ әдебиетінің айшықты шығармаларына айналды. Ізеттілік пен зиялылықтың үлгісіне айналған азаматтың елге сіңірген еңбегі мен жарқын дидары халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады», - деді қаралы жиынды ашқан министр Д.Абаев. Шараға қатысушы зиялы қауым өкілдері жазушының қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі мен ұлт мүддесі үшін атқарған қызметі туралы айтып өтті.   Қазақстанның белгілі жазушысы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза 9 қазан күні 86 жасында ауыр науқастан қайтыс болды. Қаламгермен қоштасу рәсімі бүгін Алматыда М.Әуезов атындағы қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында өтті.
 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар