ДӘСТҮРЛІ ӘН ДОДАСЫ

13:33, 7 қараша 2019

20-ғасырдың кемеңгер тұлғасы, әсем сазды әнімен тыңдарманын баурай білген таланттар аз болған жоқ. Соның бірі сазгер, дәстүрлі ән өнерінде өзіндік орны бар Мәди Бәпиұлы. Кеше Қарағанды қаласында оның құрметіне арналған төртінші Республикалық дәстүрлі әншілер сайысы өз шымылдығын ашты

Ашылу салтанаты барысында байқаудың бұрынғы лауреаттары және Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің өнерпаздары көрермен қошеметіне бөленді.  Қазақстан Республикасының халық әртісі, қазылар алқасының төрағасы Қайрат Байбосынов сөз алды. Мәди Бәпиұлы туралы деректі фильм көрсетілді.

Қайрат БАЙБОСЫНОВ, ҚР халық әртісі, қазылар алқасының төрағасы:

-Сахнадан жастарды естігенде қуанамын. Өйткені жылдан жылдан жылға жақсы әншілер қатары көбейіп келе жатыр. Бұл қазақ әншілік өнерінің өміршеңдігін көрсетеді. Мәди атамыздың бейнесі мәңгілікке сақталуы үшін жасалып отырған жарыс.

Өз ұлтының жанашыры, әнші-композитор Мәди Бәпиұлының туғанына биыл 130 жыл. Қайраткер өз уақытында жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап, талай рет абақтыға жабылды. Оның ел мен жерге шексіз махаббаты әуезді әндерінен орын табады. 

Ержан БАЗАРБЕКОВ, Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әншісі:

-ІV Республикалық Мәди Бәпиұлы атындағы байқауы байрағын көтеріп жатыр. Атамыздың атындағы конкурс 2005 жылдан бастау алуда. Біз алғаш лауреты болғанбыз. Бүгін ашылу салтанатында байқау көркін қыздырып, шашбауын көтеріп жатырмыз.

Байқау биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Конкурстың мақсаты – өскелең ұрпақтың дәстүрлі ән орындау шеберлігін шыңдау. Сайыс 2 кезеңнен тұрады. Қатысушылар жеребе тастау арқылы  реттік нөмірін анықтады. Додаға жан-жақтан жиналған 41 дәстүрлі ән орындаушылары ат салысуда.

Бекарыс КӨШТАЕВ, қатысушы \Алматы қаласы\:

-Мұндай конкурстарға мықты әншілердің арасында қатысудың өзі бір мәртебе.  Осы додада шамамыз келгенше Мәди атамыздың әндерін орындап шығуға тырысамыз. Мен Мәди Бәпиұлының «Қаракесек» және  «Үш қара» әндерін конкурсқа дайындап келдім.

Өнерлі жастар ата-бабамыздан мұра болып қалған дәстүрлі әнді дамытуы көңіл қуантарлық. Ендеше, Мади Бәпиұлының ізбасарларына сәттілік тілейміз!

Құндыз ҚАНАҒАТҚЫЗЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар