ДАРХАН ДАЛАНЫҢ ДАРАБОЗЫ

15:41, 13 наурыз 2018

Қарқаралы ауданына қарасты Мартбек Мамыраев ауылының тұрғыны, Еңбек Ері Нұрбақыт Қабдыкәрімова тура 30 жылдан соң бір кездері өзі басқарған «К-700» тракторына мініп көрді

 Биыл 70-ші көктеміне аяқ басқан аяулы жан ғұмырының басым бөлігін ауылшаруашылығына арнаған. Мерейтой қарсаңында жергілікті мектептің оқушылары еңбек ардагерімен кездесу өткізді. Нұрбақыт Қабдыкәрімова 1966 жылы мектеп бітіргеннен кейін бірден ауылдағы қайнаған еңбекке араласқан. Алдымен шопандар бригадасына көмекке барады. Сөйтіп жүріп тракторды тізгіндейді. /БЕЙНЕҚОР/ Бастапқыда«МТЗ», «Т-4» пен шынжыр табанды техникаларды жүргізсе, кейін тіпті алып К-700 тракторын да игеріп алды. Егін салуға қатысты, шөп шапты, ауылдың талай шаруасына араласты.  Қыстыңқақаған аязында техникасы сынып далада  қалған кездері де болған. Бірақ қиындықтың біріне де мойыған емес.

Нұрбақыт ҚАБДЫКӘРІМОВА, Еңбек Ері

Әр техниканың өзінің қиындығы бар. «К-700» анау «МТЗ-ға» қарағанда жеңілдеу. МТЗ-ны ол кезде кнопкамен емес, шнурмен тартып от алдыратынбыз. Кейде анау шнур қолымызды тартып жарақаттап алатынбыз. Ал К-700 әйтеуір кнопкамен басасың болды.

Қаршадайынан қара жұмысқа араласқан Нұрбақыт Қабдыкәрімова жалпы қыз-келіншектерге техника тілін меңгеруге үндеу жасалған жылдары құрбыларын өз қатарына қосылуға шақырды. Сөйтіп ауылдағы әйелдердің қырдағы еңбекке жұмылуына түрткі болды.

Мәрия ОМАРОВА, еңбек ардагері

Нұрбақыт ауылға үндеу тастады. Содан мен өзім тракторда, темір жағында істеп жүргем, комбайнға шықтым. Он бір егін науқанын өткердім.

Нұрбақыт Қабдікәрімова бірде қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш механизатор, даңқты еңбек ері Кәмшат Дөненбаевамен кездесіп, қанаттанып қайтады.  Кейін өзі де екі бесжылдықтың жоспарын жоғары деңгейде орындап еңбек ері атанды.  Мұның барлығына қатысты құнды құжаттар, деректер, ескірмес естеліктей жәдігерлер ауыл мұражайында сақтаулы. Сол кездері әйелдер бригадасын басқарған Әскербек Бексұлтановта бүгінде әңгімесі әдемі ақсақалға айналған.

Әскербек  БЕКСҰЛТАНОВ, еңбек ардагері

Қыздар бригадасын құру керек деді. Жарайды енді дедім. Директор айтып тұрғаннан кейін қайда барасың? Сегіз қызды жинап алып машдворға бардым. Барлығына бір-бір трактор. Мен өзі 23 жыл бригадир болдым. Соның 20 жылын осы қыздармен бірге істеген шығармын.

Бүгінде еңбекері Нұрбақыт Қабдыкәрімова ескерусіз емес. Жергілікті мектеп, мәденеиет үйлерінде жас буын өкілдерімен жиі кездесіп тұрады. Облыстық, аудандық шаралардың да әрдайым бел ортасында жүреді. Ауылдағы әжелер ансамблінің де белсенді мүшесі. Жасым келді демейді. Талай жылдар бойына жиған бар білім-парасатын, өмірлік тәжірибесін келешек ұрпақ бойына сіңіру үшін талмай еңбек етіп жүр.

Руслан ТҰРСЫНҒАЛИЕВ

Тақырып бойынша материалдар

«ҚҰРМЕТТІ ЗАҢГЕР» МАРАПАТЫ ТАБЫСТАЛДЫ
16:20, 20 маусым 2018
«ҚҰРМЕТТІ ЗАҢГЕР» МАРАПАТЫ ТАБЫСТАЛДЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар

МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
17:42, 13 маусым 2018
МЕДИЦИНА ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
Толығырақ...