ЦИФРЛЫ МЕМЛЕКЕТ – ҚОЛЖЕТІМДІ ҚЫЗМЕТ

17:17, 30 қараша 2020

Заманауи технологиялар – цифрландырылған өңір. Қарағанды облысындағы барлық егістік алқаптардың электрондық карталары жасалды. Алда агро саланы толығымен цифрландыру жоспарда. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар жөнінде бүгін аппараттық мәжілісте ведомства басшысы мәлімдеді

Өңірде жаһаннан көш ілгері қалмаудың амалы жан – жақты жасалуда. Ведомства басшысы Сағынжан Апақашов осылай дейді. Саладағы ілкімді істерді жіпке тізген маман алқаптар жақын арада 100 пайыз электронды картаға енгізілетінін айтты. Бұл фермерлер үшін тиімді, мемлекет қолдауын жақындатады. Бұған қоса, арнайы портал пайда болып, агроөнеркәсіптегі қажетті ақпарат қолжетімді болмақ.

Сағынжан АПАҚАШОВ, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

-Қазіргі уақытта біздің ведомство барлық 20 мемлекеттік қызметті электрондық түрде көрсетеді, оның ішінде субсидиялаудың "Қолдау" ақпараттық жүйесі арқылы 16 субсидия түрі, Е-лицензиялау ақпараттық жүйесі арқылы төрт мемлекеттік қызмет көрсетеді. Жыл басынан бері 6 966 мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Мақсатты жұмыстар «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жолға қойылған. Электронды жүйені сәтті жүзеге асырғандар қарасы күн санап артуда. Бұған "Шахтерское" және "Найдоровское" алдыңғы қатарлы кәсіпорындары айқын дәлел. Енді оң нәтиже берген тәжірибені аймақтың осы тектес 28 шаруашылығына енгізу жоспарда. Нанотехнология жолы мал шаруашылығына да серпін беруде. Өңірде цифрлы фермалар қатары көбейді. Соның ішінде құс фермаларының жұмысы автоматтандырылып, қайта өңдеу кәсіпорындары серпінге ие. Жиында жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы салаларын да толығымен цифрлық форматқа көшіру барысы сөз болды. Бұл мемлекеттік қызметтердегі бармақ басты, көз қыстылықты анағұрлым азайтуға септеседі – дейді. Алайда, ілкімді іске ІТ мамандардың тапшылығы тұсау.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, Қарағанды облысының әкімі:

- Цифрландырудың көптеген мәселелері және онымен байланысты қазіргі заманғы технологиялар фермерлер үшін әлі де жаңалық болып отыр. Техникалық жабдықтар мен кадрлармен проблемалар бар. Әсіресе, интернет байланысы бар, шалғай егістіктер мен қыстауларға сигнал жетпейді.

Аталған мәселелер төңірегінде аймақ басшысы ақпараттандыру, мемлекеттік қызмет көрсету және архивтер, ауыл шаруашылығы мен жер қатынастары басқармаларына тапсырма беріп, бірқатар міндеттер жүктеді.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар