БҮГІНГІ ТҮЛЕК - ЕРТЕҢГІ ТІРЕК

13:35, 15 қараша 2019

Біреуге білікті кадр, енді біріне жақсы жұмыс қажет. Қос тарап бірін-бірі тез табуы үшін ҚЭУ-і бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізді. Мақсат түлектердің екпінді еңбек жолын бірден бастап кетуіне септесу

Аталмыш  шара ЖОО мен Қарағанды қаласының жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп өткізіліп отыр. Оқу орын мамандарының сөзіне сенсек, жыл сайын шамамен түлектердің 80 пайызы қажет деген мамандықтар бойынша жұмысқа орналасады екен. Бүгінгі жиын осы үрдістен таймау мақсатында ұйымдастырылған.

Салтанат МҮЛІКОВА, ҚарЭУ стратегиялық даму департаментінің жетекшісі:

- Ең ауқымды жұмыстарды кафедралар атқарып келеді. Оқыту-ғылыми-өндірістік кешенге біз жұмыс берушілерді де жұмылдырып отырмыз. Және осы жоба аясында біздің түлектерді біліп отырып, оқу аяқтаған соң бірден жұмысқа қабылдап алатындар бар.

Бүгінгі жұмыс берушілердің шамамен 30 пайызы кеше осы оқу орынды аяқтағандар. Сондықтан олар білім ордасының қандай маман дайындап шығатынын жақсы біледі. Солардың бірі - Ольга Сагитова аталмыш ғимараттан 12 жыл бұрын түлеп ұшқан .

Ольга САГИТОВА, «Kazcentrelectroprovod» ЖШС-ның бас инженері:

-Бізге көбінесе техникалық мамандар қажет. Ағылшын тілін білсе тіпті жақсы. Себебі біздің компания бүгінде Еуропалық компаниялар мен де жұмыс істеп келеді. Шикізат өнімдерін Қытайдан сатып аламыз. Өндіріс ошағына қашанда білікті кадрлар артық етпейді.

Жеңіс Дәуірхан ҚЭУ –нің 4-ші курс студенті. Қолға дипломын алып, қанаттанып ұшатын күнде алыс емес. Сондықтан бүгінгі жәрмеңкеден өзіне лайықты жұмыс табуға ниетті.

Жеңіс ДӘУІРХАН, ҚарЭУ – дың  4-ші курс студенті:

-Қазіргі кезде жұмыс табу өте қиын. Сондықтан мен оқу орынның осындай мүмкіндік жасап отырғанына өте қуаныштымын.

Жартығасырға жуық уақыт ішінде бұл университет білім жағынан бәсекеге қабілетті екенін бірнеше рет дәлелдеген. Жыл сайын 30-ға жуық шетелдік профессорлар осында келіп, тәжірибе алмасады. Олардың барлығы да студенттердің дайындығын жоғары бағалайтын көрінеді. Университеттің материалдық – техникалық базасы заманауи техникамен толықтай жабдықталған.

Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар