Бүгінде далалық таза бұлақтар сарқылған

18:57, 7 қазан 2016

Суаттарды мал таптап қараусыз қалғандықтан, тұщы су көздерінің жойылып кетуіне дейін жеткен. Қарағанды өңірі жартылай шөлейтті аймақ болғандықтан, табиғи ауыз су да тапшы. Шет аудандық шаруа қожалықтар қауымдастығының төрағасы Тілеуқабыл Есенбекұлы бұл мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп жүр. Биылғы жылы, қауымдастық төрағасы ауыл айналасындағы бұлақтарды ретке келтіріп, БҰҰ мен Еуродақ тағайындаған грандты ұтып алды

Тілеуқабыл Есенбекұлының өзінің жеке шаруа қожалығы бар, кәсіпкер. Өзі аудандық шаруа қожалықтарының төрағасы. Кәсіпкер Ақсу-Аюлы ауылының  айналасындағы 10 тұщы су көзін қамқорлыққа алған. Еріктілердің көмегімен бұлақтарды тазалап, айналасын қоршаған. Бүгінде, 3 бұлақты жөндеп бітіріпті. Аймағымызда бағдарлама бойынша, жалғыз өзінің жобасы қолдауға ие болып, халықаралық ұйымдардың 40 мың АҚШ доллары көлемінде грандты ұтып алған. Бұл жоба 4 жыл бұрын жасалғанмен, енді ғана қаржы бөлініп, қолға алынуда. Келесі жылдың қараша айына дейін тиісті жұмыстарды аяқтау қажет. 

БҰҰ мен Еуродақтың жасыл экономиканы дамыту және су ресурстарын тиімді пайдалану аясында біріккен жоба Қазақстанда 2015 жылдан бастап енгізіле бастады. «Жасыл экономика үлгісіне өтуде Қазақстанды қолдау» бірлескен жобасына 7 млн 100 мың еуро бөлінген. Оның ішінде шағын жобаларды жергілікті елді-мекендерде жүзеге асыруға 600 мың Еуро берілмек. Қазақстанда 14 гранд бойынша тиісті жұмыстар атқарылмақ.  Қарағандыда жаңбыр суын пайдаланатын 2 жылыжай ашылып, тамшылатып суару жүйесі қолданылуда.

Тілеуқабыл Есенбекұлының бастамасымен тазартып, ретке келтірген бұлақтарынан аудан тұрғындары мен қоса, жолаушылап келгендер де тұщы су алып кетеді екен. Табиғат жанашырының пікірінше, бүгінде, бұлақтар қараусыз қалды. Оған қоса, Артезиан құдықтарынан құбырлар тартылғандықтан, шағын тұщы су көздері құрғап қалған. Сондықтан, үлкен бұлақтарды мемлекет өз қамқорына алуы тиіс дейді кәсіпкер.

Лейла ЕСКЕНҚЫЗЫ 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар