БИЗНЕСТІҢ БЕРЕКЕСІ ЕЛГЕ ОРТАҚ

13:11, 10 қазан 2019

Қаражал қаласында жастарға арналған «Жас кәсіпкер» бағдарламасы серпін беруде. Осы жылы берекелі жоба аясында 20-ға жуық жас кәсіпкер грант алған. Сөйтіп олар мемлекет қолдауының нәтиежесінде өз істерін өркендеткен

Қаражал қаласының тұрғыны  Ян Маркин тың идеясын іске асыруды бір жыл бойы ойластырып жүрген.Ол «Жас кәсіпкер» жобасы аясында  екі апталық оқыту курсынан өткен. Бағыты айқын бастаманың арқасында  505 мың теңге грантқа қол жеткізіп, жеке фотостудия ашуға мүмкіндік алды.

ЯН МАРКИН, жас кәсіпкер:

-Мемлекеттің мол мүмкіндігіне рахмет. Маған «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен Қаражал қаласының әкімдігі  ерекше мотивация берді.Қолыма берілген қаржыға фотоаппарат, түр-түсті жарық қоятын жабдықтарды сатып алдым.  

Ал берекенің көзін кәсіптен тапқанқандардың бірі Құралай Қасейінова. Іскер келіншек күйеуімен кеңесе келе, кәсіпке кәдімгідей бет бұрған. Нәтижесінде косметологиялық салонды бұқараның  игілігіне айналдырып отыр.  Жас кәсіпкер ұлу терапиясы арқылы сұлу болудың құпиясын жақсы біледі.

Құралай ҚАСЕЙІНОВА, «Зере» косметологиялық салонының жетекшісі:

-Мұндағы мақсатым Қаражалға  кішкене болсада  өз үлесімді қосу.  Алдымен оқыту курсына қатысуға өтініш білдірдім. Артынша грант ұтып алдым.

Бетке күтімнің  5 түрін жасайтын «Зере» атты косметологиялық салонның қыз-келіншектерге көрсететін қызмет түрлерінің бағасы да қолжетімді. Бір сөзбен айтқанда бұрымдылардың қалтасынан қақпайды.

Жанерке ДӘУЛЕТБАЕВА, Қаражал қаласының тұрғыны:

-Бүгін мені фотодинамикалық терапиямен емдеді.Енді Қарағандыға барып шығындалудың қажеті жоқ.Қаражал қаласының тұрғындарын осы салонға шақырамын.

Жалпы Қаражал қаласы бойынша биыл «Жас кәсіпкер» бағдарламасы шеңберінде  37 адам оқыту курстранына өткен. Олардың арасында 19 кәсіпкер грант алып, бизнесінің тасын өрге домалатқан. Бағымды жобаның шарапатына Фариза Омаровада көппен бірге қуанышқа кенелді. Қомақты қайтарымсыз ақшаның көмегімен оның сұлулық салоны елге есігін айқара ашты. Жас кәсіпкердің салоны бетті опа-далаппен бояумен айналысады.  Шашты бұйралап сәндейді.

Фариза ОМАРОВА, жас кәсіпкер:

-Бал күнімнен армандадым деседе болады. Кейін осы салонның визажист шебері мамандығы бойынша оқып, бітірдім.

Ал Жиһангер Ілияс «Бастау бизнес» жобасы аясында білімін жетілдіріп, гранттың қаржысына өз ісін бастаған. Тәуекелшіл жас қаражалдықтарға такси  диспетчерлік қызметін көрсетеді. Сонымен қатар  Көркем Рахымжанова мейрамханаларда өтетін  той-думандарды безендірумен айналысады. Ал кәсіпкердің серіктесі Баян Самаева көбікті шоу жасайды.

Меруерт МҰҚАШЕВА, Қаражал қалалық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры:

-Биыл «Жастар жылы» жарияланғаны баршамызға белгілі.Бұл бағытта көп жобалар жүзеге асты. Жобаға  жұмыссыз, аз қамтылған және көп балалы отбасылармен 18-29 жас аралығындағы мүмкіндігі шектеулі жандар қатыса алады. Жыл соңына дейін  100 азаматты  оқытпақпыз.

Айта кетейік «Бастау бизнес» бастамасы шеңберінде 16 адам оқытылған. Бүгінде сол кәсіпкерлер жемісті еңбек етуде.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар