БІРЛЕСКЕН ЖОБАНЫҢ БЕРЕРІ МОЛ

16:37, 20 маусым 2018

Қарағанды мемлекеттік университетінде кирилицадан латын графикасына аудару орталығы жұмыс істейді. Әзірге онда тек теориялық сабақтар өтуде. Бұл туралы аймақтық және университеттің «Рухани жаңғыру» жобалық кеңселерінің бірлескен отырысында толығырақ айтылды

Қарағанды мемлекеттік университетінің қабырғасында ашылған орталық өз жұмысын өткен жылдың қыркүйек айында бастады. Мұнда латын графикасының емлесі қабылданған соң кез-келген тұрғын келіп курстан өте алады. Кирилицадан латын графикасына аудару орталығы небәрі екі айдың ішінде бірнеше дөңгелек үстелдер, семинарлар мен ашық сабақтар ұйымдастырған.

Мархаба ТҰРСЫНОВА,  қазақ жазуын латын графикасына аудару орталығының жетекшісі:

- Біздің мақсатымыз қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруді жастарға насихаттау. Әзірге бұл жұмыстар тек түсіндірмелі түрді өткізіліуде.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің  факультеттерінде  оқу бағдарламасына биылдан бастап «Латын графикасы» пәні қосылды. Филология, философия, психология, химия және тарих факультетінің студенттері үшін 15 лекция мен семинар оқытылуда.

Гүлнар ҚҰРБАНБАЕВА,  Қарағанды облысы бойынша "Рухани жаңғыру" жобалық кеңсесінің жетекшісі:

- Аймақтық және университеттің «Рухани жаңғыру» жобалық кеңселерінің бірлескен отырысы латын әліпбиіне көшу, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында осындай отырыстарды жиі өткізеді. Мұнда біз бірқатар ғалымдар мен оқытушылардың пікірлерін тындап, талқыға саламыз.

Латын әліпбиіне көшуді жастарда бір ауыздан қолдап отыр. Оған дәлел, математика және ақпараттық жүйелер факультетінің 2-ші курс студенті Мағжан Өмен арнайы бағдарлама ойлап тапқан. Транслитерация деп аталатын компьютерлік бағдарлама қазақ тіліндегі мәтінде автоматты түрде латын тіліне аударады. Ол 1 минутына 80 бетке дейін аудару мүмкіндігіне ие.

Мағжан ӨМЕН,  ҚарМУ-дің студенті:

- Бізде қандай да бір бағдарлама ойлап табындар деп деканымыз тапсырма берді. Сөйтіп, 1,5 айдың ішінде осы компьютерлік бағдарламаны жүзеге асырдым. Бұл тез аударады, сондай-ақ, барлық формулаларды қаз-қалпында сақтап аударады.

Аймақтық және университеттің «Рухани жаңғыру» жобалық кеңселері қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру мақсатында қазір ақпараттық-түсіндірмелі жұмыстар жүргізуде. Тіпті, жатаханаларда студенттермен кездесу өткізіп, белсенділік танытуда. Ал, латын әліпбиінің емлесі қабыданған соң арнайы курстар өткізуді жоспарлап отыр.  Бұл арқылы Елбасы тапсырған бастаманы тез әрі жеңіл үйрену мүмкіндігі болады деп тарқасты отырысқа жиналғандар.

Айдана ДАСТАН

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар