БІРІККЕН ІСТЕ БЕРЕКЕ БАР

13:53, 12 шілде 2019

Ақтоғай ауданындағы көп салалы шаруашылық базарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. «Бақтияр» шаруа қожалығының меңгерушісі Ерден Нұртазин ағайындарымен бірлесіп кәсібінің көкжиегін кеңейтуге кіріскен.Сөйтіп бизнесмен жергілікті жұртты жұмыспен қамтып ғана қоймай, нысандарды әлеуметтің әлеуетін әлдендіруге жаратпақ ниетте

Ерден Нұртазин біріккен істе береке бар деп білетін бірегей  жан. Елгезек азамат көздеген идеясын ілгерлету үшін белді бекем буды.Туған жерге туын тікті. Ол қолындағы қомақты 50 миллион қаражатқа бауырларымен бірлесіп ,көп салалы базар салуды ұйғарады.Бизнесінің тасын өрге домалату мақсатында «Бақтияр» шаруа қожалығының меңгерушісі Ақтоғайдың маңайынан 1 гектар жерде алған.

Ерден НҰРТАЗИН, «Бақтияр» шаруа қожалығының меңгерушісі:

-Туған жерімізге келіп үлесімізді қосып, ауданымыздың тамырына қан жүгірту мақсатында келіп қалдық.Қысқы отынды тегін жеткізіп береміз. Аудан әкімінің қолдауымен тірліктің бәрі іске асып жатыр.

Тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нысанның қадамы қарышты.Жоспарлы жұмыстардың 70 пайызы аяқталған. Бұйыртса  бұл жерден жергілікті халық көмірмен жем- шөпті қолжетімді бағаға сатып алады.Бұдан бөлек санитарлық  талаптарға сай мал сою пункті шаруа қожалықтарға  қызмет көрсетеді.Сонымен қатар табиғи сүт өнімдерін өндіретін цех ашылады. Ешкімді бөле жармайтын елжанды Ерден аға 16 адамды жұмыспен қамтып отыр.Ал  Мұратбай Маханов Қызылорда қаласынан еңбек етуге осында келіпті. Техниканың тілін бес саусақтай білетін азаматтың жалақысы қомақты, табысыда тұрақты.   

Мұратбай МАХАНОВ, жүргізуші:

-Жағдай жақсы.Жатын орын тегін.Айлықты уақытылы алып тұрамыз.Сол баға-шағаның қамы деп жүрміз.

Теңгеден тиын, ынтымақтақтан ұйым құрайтын шаруа қожалықтың  кірпіш құю цехының тірлігіде тәуір. Өнеркәсіпте күніне қыш пен күлден 500 кірпіш дайындалып, сатылымға шығарылады.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ, тілші:

-Кәсіпкердің бүгінде шаруасы ширап, жұмысы жүріп тұр.Мәселен мына қондырғы 10 минуттың ішінде 24 кірпіш  жасауға қауқарлы.Отандық өнімге жергілікті әлеумет тарапынан сұраныс ептеп емес көптеп артқан.

Әлі-ақ осы  базардың сөрелерінде Ақтоғайлық және қарағандылық тауар өндірушілердің сан түрлі өнімдері самсап,саудаланатын болады.Шаруашылықтың үр жаңа заманауи техникаларыда заулап тұр.Сәтін салса көп салалы коммуналдық базар тамыз айының соңында жалпақ жұртқа  есігін айқара ашады.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар