БІРЕГЕЙ КӘСІПОРЫНДАРДЫҢ ЖҰМЫСЫ

16:20, 23 қазан 2020

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек еліміздегі катер және қайық өндіретін жалғыз кәсіпорында болып қайтты. Қарағандыдағы бірегей өндіріс ошағы жеті жыл бойы құтқарушылар, қорық қызметкерлері мен су қоймаларының сақшылары үшін арнайы жабдықтар жасап шығаруда.

Шағын өлшемді катерлер шығаратын кәсіпорын цехы Федоров су қоймасында орналасқан. Аймақ басшысы бірегей өндіріс ошағының тыныс-тіршілігін көруге арнайы барды. Қозғалтқыштар мен басқа детальдар Қытайдан, Еуропадан және Жапониядан импортталады. Қазір кәсіпорында 15 адам жұмыс істейді. Компания жылына  60 кеме шығарады.
Александр ДВОРЯНЧИКОВ, "Қарағанды шағын кеме құрылысы  верфі" ЖШС коммерциялық директоры:

- Біз өндірісті ұлғайтып, модельдік қатарымызды кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Қайықтарды ыңғайлы және  қажетті жабдықпен қамтамасыз етуге барынша тырысамыз. Күзет қызметі үшін оларды радарлармен және түрлі электроникамен жабдықтауға болады.

Отандық өнімді көбіне құтқарушылар пайдаланады. Тапсырыс берушілер санатында облыс тұрғындары мен балықшылар бар. Бағасы  техниканың жасақталуына байланысты. Мұндағы су көлігінің құны 400 мың теңгеден басталады.

Өңір басшысы отандық бизнесті қандай мемлекеттік бағдарламалар бойынша қолдауға болатынын анықтау үшін кәсіпорынды дамытудың нақты жоспарын дайындауды тапсырды.

Сондай-ақ, Жеңіс Қасымбек Үштөбе ауылындағы  "Қарағанды-бекіре"  кәсіпорынында болды. Бұл жер қара уылдырық пен жоғары сапалы балық өнімдерін алуға және өңдеуге маманданған. Кәсіпорын жылына 2,5 тоннадан 5 тоннаға дейін тауар өндіреді. 

Дмитрий АБИЛЬДИН,  «Қарағанды-Бекіре» ЖШС директоры:

-Біздің өңір бекірені тауарлы түрде өсіруге қолайлы. Қазақстанда аквамәдениетті, тауарлық бекіре өсіруді дамытқымыз келеді. Біз жобаларға кеңес беруге және оларды сүйемелдеуге, балықтандыруға ықпал етуге, ғылыми қызмет жүргізуге дайынбыз. Тәжірибемен бөлісуге дайынбыз.

Кәсіпорын Еуразиялық Экономикалық Одақ (ЕАЭО) және Таяу Шығыс елдеріне экспортқа шығуды жоспарлап отыр. Жалпы облыс аумағында жергілікті маңызы бар 127 және республикалық маңызы бар үш балық шаруашылық су айдыны бар. Биылғы жылы аквамәдениет өнімінің сапасын арттыру үшін инвестсубсидияларды ұлғайтпақ. Аймақ басшысы бұл компанияларға жаңа жабдықтар мен техника сатып алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Азамат СЕРІКХАН

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар