БІЛІМДІ ҰРПАҚ – ЕЛ БОЛАШАҒЫ!

16:07, 16 қыркүйек 2020

Өндірістік орындарға экскурсиялар, техникалық үйірмелер мен шеберлік сыныптары, сондай-ақ балалар технопаркі. Абай ауданында білім беру тек мектеп қабырғасымен шектелмейді. Жаңа бағдарламалар шәкірттерге мамандықты алдын-ала анықтауға көмектеседі. Сонымен қатар оқу процесін қызықты және түсінікті етеді.

Бүгінгі таңда Топар кентіндегі бұл технопаркке 300-ден астам бала қатысады. 1000 шаршы метрден астам аумақта заманауи жабдықтар мен  жиһаздар және 9 зертхана құрылған. Мұнда әр бала мен жасөспірім өз қызығушылығы бойынша үйірмені таба алады.

Нұржан САЛАУАТОВ, П.Корниенко атындағы  мектеп орталығының басшысы:

-Кешеннің бұл бөлігінде бидай, тұқымдық шөптердің түрлері негізге алынған. Шәкірттер гидроқондырғылар арқылы астықты дақылдардың түп тамырын анықтайды. Ол үшін қажетті барлық мүмкіндік бар.

Бұл кешенде балалар тоғыз бағытта білім алады.  Мысалы, жас авиаторлар әртүрлі әуе кемелерінің дизайнын жасауды және құрастыруды үйренеді. Қазірдің өзінде олар бірқатар нәтижеге жетіп үлгерген.  Балалар жай ғана нақты бір білім мен тәжірибені алатын ескі әдістерден жаңасына көшуде. Бүгінде ғылымдарды біріктіруге бағытталған STEAM білім технологиясы енгізілуде. Ол болашақ мамандықтарды даярлауға бағытталған.

Робототехника курсында шәкірттер робототехникалық құрылғыларды жобалау мен бағдарламалауды үйрене алады. Мектеп оқушылары жеке роботты құрастыру арқылы өз қиялдарын іске асыруға толықтай мүмкіндік қарастырылған. Сондай-ақ, балалар баламалы энергияның негізгі бағыттарын зерттейді.

Абай ауданында қосымша білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлінген.  Шынында да, осындай мамандандырылған сыныптарда білімін жетілдіріп жүрген шәкірттер болашақта өзінің кім болатынын алдын ала таңдайды.

Мұнда білім алатын шәкірттер энергияны үнемдейтін технологиялар, пилотсыз жер үсті немесе әуе көлігін құру бойынша халықаралық инженерлік жарыстарда ел атынан қатысуға әзір, -дейді ұстаздар.  Оқуды бітіргеннен кейін олар елдің жетекші компанияларымен келісімшарт жасай алады.

Нұржан САЛАУАТОВ, П.Корниенко атындағы мектеп орталығының басшысы:

-Лабораторияларда балалар техникалық құрастыру мен модельдеуді, бағдарламалауды, металл жонушы және темір ұстасы істері бойынша білім алады, түрлі ғылымдарды меңгереді. Жас техниктер заманауи станоктар мен жабдықтарды пайдаланады. Жан-жақты мамандықты меңгеруге білікті мамандар қызмет етуде.

Мектептен жас кадрларды тәрбиелеу жүйесі көптеген елдерде жүзеге асырылуда. Қазір еліміз балалар технопарктерін белсенді түрде құруда.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар