БІЛІМ САЛАСЫНДАҒЫ ЖЕТІСТІКТЕР

17:27, 8 қаңтар 2019

Өткен жылы облыс орталығында коворкинг пен IT-орталықтар көптеп ашылып, түрлі инновациялық жобалар жүзеге асырылды. Мектепке дейінгі мекемелердің де саны артты. 2018 жылы облысымыздың білім саласында жеткен жетістіктері мұнымен шектелмейді

2018 жылы Қарағанды облысында 20 мектепке дейінгі мекеме ашылды. 1500-нан астам бала балабақшаға барды. Қазір өңірде 3 жастан 6 жасқа дейінгі балғындарды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100 пайызды құрайды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында  665 орынға шақталған 6 балабақша өз жұмысын бастады.

Гүлдана НҰРСҰЛТАН, білім басқармасы бөлім жетекшісінің м.а:

-Аймақтағы үрдіс жақсы. Балабақшалар  мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында  пайдалануға берілуде. Осы игі бастамаға сәйкес мемлекеттік тапсырыс бар. Келешекте бекітілген келісім шеңберінде  4 бөбекжай бой көтереді. Тартылатын инвестицияға  12 –ге жуық балабақша еңсе тіктейді.

Білім беру жүйесінде заманауи технологиялар енгізіле бастады. Облыс орталығындағы білім ошақтарында виртуалды зертханалар мен робокабинеттер ашылды. Кәсіптік бағдар берудің негізгі бағыты жоғары сынып оқушыларына арналды. Ал, инженерлік-техникалық қызметке іріктеу балабақшадан басталу керек,- дейді мамандар. Осыған орай аймағымызда техноорталықтар жемісті жұмыс жасай бастады. Онда балаларды роботехниканың қыр-сырына үйретіп, білікті маман болуға бейімдейді. Қазіргі танда балалардың әсіресе, ғылым мен техникаға ерекше қызығушылығы артуда. Облысымызда түрлі деңгейдегі робо-олимпиадалар жиі ұйымдастырылуда. Оған 4 жыл қатарынан өткізілген «RoboLand»  технофестивалі дәлел. Бір ғана өткен жылы бұл шараға 800-ге жуық ерікті азамат қатысуға ниет білдірген.

Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

- Мысалы медицина саласында IT медик, IT генетик  бар.Желілік заңгер,  агро информатик деген мамандықтар бар. Тағыда басқалар осы болашақтың мамандықтарын жоғары оқу орындарында ашамыз деп отырмыз. Бүгінгі  шара  ең ірі робототехника фестивалі. Астана хабтың шеңберінде  бір роботехника фестивалін  өткізетін боламыз.

2018 жылы облысымыздың оқушылары республикалық олимпиадаларда биік белестерді бағындырды. Мәселен, Қарағанды қаласындағы №41 мектептің 11 сынып оқушылары Мұқағали Мақатаев атындағы шығармашылық байқауда топ жарып келді.

Жанат ТӨЛЕУБАЕВ,  №41 мектеп директорының орынбасары:

- Біздің мектептің балалары үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жүр. Олар өткен жылы облыстық, республикалық байқаулардан жүлделі орындармен оралды.

Тәттімбет атындағы өнер колледжінің студенттері өткен жылы көптен күткен ғимаратқа қол жеткізді. Облыс әкімінің тапсырмасымен колледждің жөндеу жұмыстарына және де қажетті құрал-жабдықтарға облыстық бюджеттен 80 миллион теңге бөлінді.

Мейірхан АДАМБЕКОВ, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің директоры:

-Бұл ғимарат, Қарағанды мемлекеттік университетінің бұрынғы 10шы  оқу- кешені. Қазір мұнда Тәттімбет атындағы  өнер колледжінің студенттері білім алуда. Себебі өнер мектебінде жеке ғимарат  болмаған. Осындай ғимаратқа қол жеткізгенімізге қуаныштымыз.

Сондай-ақ, өткен жылы Қаражал қаласындағы балалар көркемөнер мектебінің мәртебесі артты. Назарбаев зияткерлік мектебінде акредитациядан өтіп, білім мекемесі халықаралық стандарттарға сәйкес екендігі туралы статус алды. Осылайша, аталмыш орталықтың оқушылары түрлі байқауларға қатысуға мүмкіндік алды.

Әбдірәсіл РАХИМ, Қарағанды қаласы өнер мектебінің директоры:

-Бүгінгі күні осында 13 мұғалім 235 оқушыға дәріс береді.  Енді осы балалардың қосымша жетілдіру мақсатында киімді үлгілеу бөлімін ашпақпыз. Бұл балалардың әр өнерге деген шыңдау мақсатында.

Жалпы айтқанда, 2018 жыл білім саласы үшін жемісті де табысты жыл болды. Ал келесі жылды Елбасы жастар жылы деп бекітті. Сондықтан да арнамыздың айтар айшықты жаңалықтары биыл да аз болмайтыны анық.

Айдана ДАСТАН

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар