БЕТПЕРДЕ ТАҚПАЙТЫНДАР КӨБЕЮДЕ

16:40, 14 қазан 2020

Карантин шаралары бәсеңдесе де, санитарлық тәртіпті сақтау міндет. Алайда, қоғамдық орындарда сақтық шаралары қаншалықты іске асырылуда? Полиция қызметкерлері тұрғындарға тегін маска таратып, әрі тәртіпті бақылады

Полиция қызметкерлері бетперде таратуды Қарағанды экономикалық университеті маңайы, автовокзал аялдамаларынан бастады. Тұрғындарды карантин бәсеңдегеніне қарамастан, санитарлық ережеге салғырт қарамауға шақырды. Әр адамға қоғамдық орындарда арақашықтық сақтап, масканы тағу міндетті екенін ескертті. Тәртіп сақшылары мұндай шарапаты мол шараны ай сайын ұйымдастырады. Осы жолы олар 400-ге жуық медициналық бетперде таратты.

Көшеде арқасын кеңге салып жүрген халық полицияны көріп, бірден маскаларын іздей бастады. Санитарлық талапты саналы түрде сақтайтыңдар саусақпен санарлық. Тәртіпке бағынатындардың басым бөлігі үлкен жастағылар екенін бірден байқауға болады.

Ал, қоғамдық көліктердегі жағдай тіптен мәз емес. Мысалы, Қарағанды-Абай бағытындағы №146 автобуста жұрт жайбырақат жайғасқан. Еш алаңсыз отырған жолаушылардың зәре құтын  камера қашырды. Бетпердені беттерінен емес, қалталарынан қылтитып көрсете бастады. Ал, көлік жүргізушісі болса: «Біз карантин тәртібін түсіндіреміз. Халық біздің сөзімізге құлақ аспайды», - деп ақталды.

Меніңше денсаулық әркімнің өзіне керек. Біз айтудай-ақ айтамыз. Еститін құлақ жоқ. Жолаушылар тәртіпті сақтамайды. Енді біз не істеуіміз керек? Мұны басқа жауапты мекемелер қадағалауы керек. Ешкім қарамайды. Сөйтеді де бізге айыппұл салады.

Статистикалық мәлімет бойынша қыркүйек-қазан айларынан бері қоғамдық көліктердегі жүргізушілер мен кондукторларға қатысты 28 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оның 20-на 791 730 теңге көлемінде айыппұл салынған. СЭС мамандары мен тәртіп сақшылары алдағы уақытта санитарлық бақылауды одан әрі күшейтетіндерін жеткізді.

Жаннұр СҮНДЕТУЛЛАҚЫЗЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар