БАТЫРЛАРДЫ АРДАҚТАҒАН – АҚТОҒАЙ!

13:04, 15 қазан 2019

Ерлік–ұрпаққа ұлағатты сабақ. Осыны ескерген Ақтоғай ауданының басшылығы батыр тұлға жерлестерімізді жас буынға таныстырып, еңбегін үлгі етуді үрдіске айналдыруда. Бұл ауыл жастарын мәңгілік ел ұландарын сауатты, салауатты, ұлжанды етіп тәрбиелеуге септігін тигізбек

Ақтоғай аудандық мәдениет үйінде өткен тағылымды шарада еңбек ардагері Торғай Ақпанбаеваның "Ақтоғайлық қос батыр" атты жинағының тұсауы кесілді. Ұлағатты ұстаз бұған дейін де отан, жер-ана жайында патриоттық тақырыптағы ғибраты мол дүниелер жазды. Жаңа жинақтың жарыққа шығуымен құттықтаған аудан әкімі Салтанат Әбеуова авторды арнайы "Алғыс хатпен" марапаттады.

Салтанат ӘБЕУОВА, Ақтоғай ауданының әкімі:

-Биылғы жылы ашылған үлкен меморалдық кешенде  534 адамның есімі  боздақтар кітабына енді. Сондықтан мұның барлығы Ұлы Отан соғысының 75 жылдығына арнап жасалып жатқан шаралар. Іс-шаралар өз алдына бір төбе, ал есте қалатын, мәңгі өшпейтін дүние – кітап. Асыл мұра болып қалатын нәрсе ол – кітап.

Жаңа жинақ батыр тұлғаларымыз Қазыбек Нұржанов пен Нүркен Әбдіровтің туғанына 100 жыл толуына арналған. Осыған дейін 7 кітап жазған Торғай Ақпанбаева жастардың өз кітабынан мол мағлұмат аларына сенімді. 

Торғай АҚПАНБАЕВА, ардагер ұстаз:

-Бұл Нүркен Әбдіров пен Қазыбек Нұржановтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Ол кісілердің ерлігін ұрпаққа жеткізу мақсатында бала тәрбиесінде үнемі  қолданудамыз.

Бұл күні ақтоғайлық өлкетанушы Тұңғышбай Мұқанның Ақтоғай ауданы туралы танымдық деректі фильмінің де тұсаукесері өтті. Шараға зиялы қауым өкілдері, мекеме қызметкерлері мен өзге өңірлерден меймандар қатысты. 6  сағаттық тарихи деректі фильмді тамашалады. 

Медеу ӘБЕУЗАР, фильмнің режиссері:

-Осы фильмді түсірер кезде атаның жинап келген жинақтарын, ауыл ақсақалдарының әңгімелерін осындай фильм ретінде шығаруды қолға алдық. Бұл фильмде Ақтоғай ауданына қарасты  барлық ауылдық округ қамтылған. Ақтоғайдың барлық шекарасы бойынша тарихи және шежіреге толы жерлерін түсірдік.

Ақтоғайлықтар, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында жүзеге асқан бастамалардан мол ғибрат алып тарқасты. Ақтоғай ауданының тарихын, қасиетті жерлерін танымдық фильмнен тапжылмай тамашалады.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар