БАЛАЛАРҒА АРНАЛҒАН ЖАҢА НЫСАН

14:52, 23 қазан 2020

Балалар мен жасөспірімдер сарайы желтоқсан айында ашылады. Қазіргі таңда жұмыстың 80%-ы аяқталған. Қоғамдық кеңес мүшелері құрылыс қарқынын тексерді.

Аталған нысан Қазақстан халқы ассамблеясы ғимаратының артында орналасқан. Жалпы аумағы 10 мың шаршы метр. Құрылысшылар ғимараттың ішкі бөлігінде қалған жұмыстарды аяқтап жатыр.

Қоғамдық кеңес мүшелері мүмкіндігі шектеулі жандарға қандай жағдай жасалғандығын назарға алды. Арбаға таңылған балалар ғимараттың қапталында орналасқан есіктен кіреді. Ол жерге арба көтеретін арнайы құрылғы орнатылған.

Нұрлан БИКЕНОВ, Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары:

- Мына жерде арбаға таңылған балаларды көтеретін арнайы көтергіш болады. Арбаны ешкім пандуспен көтермейді. Оны электронды құрылғы көтереді.

Мүмкіндігі шектеулі балаларға бұнда жекелей үйірмелер ашылмайды. Өздерін қоғамның мүшесі екендерін білдіру үшін оларды көпшіліктен бөлмейді. Десе де, білім бөлімінің мамандары «ерекше күтімді қажет ететін жандарға ерекше қамқорлық көрсетіледі» дейді.

Наталья ГОЛОВИНА, қалалық білім бөлімі жетекшісінің м.а:

- Инклюзивті білім беру балалардың бірге өсуіне, жетілуіне мол мүмкіндік береді. Оларды жекелей емес, бір топта дайындаймыз. Тек ерекше күтімді қажет ететін балаларға ерекше назар аударылады. Ол үшін ұстаздарға да бөлек жалақы төленеді. Балалар бірге өскенін қалаймыз.

Үйірмелердің 50 шақытысы техникалық бағытта ашылады. Бұнда балалар ғарышты, нанотехнология мен робототехниканы және өзге де салаларды меңгереді.

Бағдат ӘЛЖАНОВ, мердігер:

- Ғимараттың сыртын сәндеу үшін 7 түсті жарық жанады. Нысанды толық қамтыған. Кез-келген суретті көрсете алады. Меніңше Қарағандыдағы ең әдемі ғимараттың бірі болады.

Қосымша білім беретін үйірмелер тегін болады.

Наталья ГОЛОВИНА, қалалық білім бөлімі жетекшісінің м.а:

- Қазіргі таңда көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар көп. Оларға тегін үйірмелер керек. Біз әр үйірменің бөлмесін белгіледік. Тақырыпқа сай сәндеу жұмыстары да жүріп жатыр. Ұстаздар құрамын толтыруға, тегін үйірмелерді ұйымдастыруға шамамыз жетеді.  

Алдыңғы сарайға қарағанда жаңа сарайдың мүмкіндігі мол. Ғимарат  4000 балаға арналған. Салыстырмалы түрде айтқанда бұрынғыдан екі есеге көп. Бастысы жылдамдық емес, сапа деді қоғамдық кеңес мүшелері.

Ерік НАРЫН

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар