БАЙЫПТЫ БАСТАМА

13:10, 25 мамыр 2020

Қарқаралы ауданында 300 адам жұмыссыздыққа тіркелген. Екі қолға бір күрек іздеген жандарға «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы өз шарапатын тигізбек. Нәтижесінде, бағдарлама арқылы ауданда 20-ға жуық нысан жөндеуден өтіп, жаңа жұмыс орындары ашылмақ

Биыл Қарқаралы ауданы бойынша «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру үшін 1 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінген. Нәтижесінде, аудандағы жұмыссыздыққа тіркеліп, екі қолға бір күрек іздеген 126 адам еңбекпен қамтылатын көрінеді. Сондай-ақ, инфрақұрылымдық шараларды іске асыруға 125 жұмыс орыны ашылады. Осы арқылы ауданда тозығы жеткен, не болмаса орташа жөндеуді қажет еткен 18 нысанда құрылыс, қалыпқа келтіру жүргізілмек.

Қанат БАБАЙБЕКОВ, Қарқаралы аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

-10 нысанда жөндеу жұмыстары басталды. 56 адам еңбекпен қамтылды. Бұл әлі бастамасы ғана.

Ауданда жоғарыдағы бағдарлама аясында қолға алынған 18 нысанның бірі -«Қарқаралы» тарихи-өлкетану мұражайының ғимараты. Мұнда жұмыс істеп жатқан  10-ға жуық адам бірер ай ішінде мекеменің сыртқы, ішкі келбетін толықтай жаңартуы тиіс. Мамандардың басым бөлігі жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбекпен қамтылған жандар.

Абылайхан СЕРІКОВ, аудан тұрғыны:

-Газеттен жұмыскер керек дегенді көріп, жұмыспен қамту орталығына тіркелдім. Осы жерге жұмысқа жіберді. айлығым 85 мың теңге. Осы біткен соң басқа нысанға барып жұмысты жалғастырамын.

Биыл ауданның Әлеуметтік мәдени, ТКШ нысандарын жөнге келтіруге 700 миллион теңгедей қаражат бөлінген. Ал,  инженерлік-көлік инфрақұрылымдарын қалыпқа келтіруге 234 миллион теңге қарастырылып отыр. Бірқатар елді мекендерді абаттандыру да биылғы жылдың еншісінде.

Ауданға қарасты Ақжол, Балқантау, Жарлы ауылында әлеуметтік нысандар, Теректі, Матақ  ауылында отбасылық дәрігерлік амбулатория мен Сарыобалы елді мекендерінің су жүйелері қалыпқа келтірілмек. Сондай-ақ, Қасым Аманжолов ауылының кіреберіс тас жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Мұның барлығы жоспарға сай орындалса, «Жұмыспен қамту-жол картасы» бағдарламасының жемісті жүзеге асуы болмақ,- дейді мамандар.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар