АУЫЗ СУДАН ТАРЫҚҚАН АУЫЛ

16:17, 22 тамыз 2019

Біздің жедел желімізге Жаңаарқа ауданына қарасты Түгіскен ауылдық округінің тұрғындары базынасын айтып хабарласты.Жергілікті жұрттың айтуынша, жаз айында елді мекенде ауыз су тапшы.Себебі сорғының сиқы кетіп, құбырлары тоттанып кеткен

Түгіскен ауылдық окургінің тұрғындарын су мәселесі бірнеше жылдан бері титығына тиіп,тығырыққа тірегені жасырын емес.Елді мекендегі ақсақалдардың мәлімдеуінше сорғы ескірген көрінеді.Ал құбырлар мен қондырғылар осыдан он жылдан астам бұрын ауыстырылған екен. Соның салдарынан жиі ақау шығып,тіршілік нәрі дер кезінде дұрыс берілмейді деп налиды жергілікті жұрт.

Совет КӨПБАЕВ, Түгіскен ауылдық окургінің тұрғыны:

-Су мәселесі бізде өте қиын болып тұр. Бұдан 11-12 жыл бұрын айырбасталып салынған. Содан бері тозды қазір. Су жетпейді. Жаз уақытында шөлде отырмыз. Бұрандалар  бәрі тозған. Егер бір үйдікі бұзылса, барлығы тоқтайды.

Ал Нұрлан Үмбетов судың тапшылығын көп тартқандардың  бірі.Ауыл тұрғыны  құдықтан суды  қауғамен алып, құтылап тасу бейнетінен арылдым деген қуанышы ұзаққа созылмағанына қапалы.Негізі тәулік бойы берілуге тиіс ауыз суды ол  сарыла күтіп, күніне 3-4 сағат ғана  жіберілетінін  айтады.

Нұрлан ҮМБЕТОВ, Түгіскен ауылдық округінің тұрғыны:

-Өздеріңіз көріп тұрғандай суымыз ақпайды. Бір күн бар, бір күн жоқ. Орталықтан тартып алғанбыз суды. Кеуіп отырмыз ыстықта.

Түйіні шешілмеген мәселенің парқын білу үшін біз Түгіскен ауылының әкіміне хабарластық. Өмірғали Кенжетаев  мұндай жағдай елді мекенде тек шілде мен тамыз айларында қайталанатынын айтып ақталды. Ауыл басшысы  аталған сұрақ бойынша Жаңаарқа ауданындағы жауапты су мекемесі айналысып жатқанын алға тартты.Өз кезегінде әкім жақын арада екінші сорғы орнатылып, толғағы жеткен түйткіл  түбегегейлі шешілетініне шүбәсіз сендірді.

Өмірғали КЕНЖЕТАЕВ, Түгіскен ауылдық окургінің әкімі:

-Мұны бәрі біледі. Аудандағы  суды қадағалайтын мекеме мәселеден жақсы хабардар. Стратегиялық нысанға тікелей жетекшілік ететін солар. Әрине көмескі бұрандалар бар екені рас. Бірқатар қондырғыларды ауыстыратын  уақыт жетті. Сондықтан сорғы судың көлемін көбірек  сорып үлгере алмайды. Дегенмен  мекеме өкілдері  бізге күтіңдер деп айтуда.

Мәселен ауылдың шетіндегі  резервуарда  тәулігіне 500  текше метр су әзірленеді. Алайда бұл тіршілік нәрі  өлкедегі мыңнан астам халыққа жеткіліксіз. Мәселеге бей-жай қарап  отырған билікке қарашаның өкпесі қара қазандай.

Нәби Мақажанов, Түгіскен ауылдық окургінің тұрғыны:

-Су қоймасы дейді  ғой, сол мүлдем тозған. Ішін қарасаңыз қабат-қабат неше түрлі тоттанған. Оны тексеріп жатқан адам жоқ. Біз айтып шаршадық. Жылда жасап береміз дейді. Бірақ жасалынбайды.

Қордаланған  проблема «SARYARQA»  телеарнасы тілшілерінің назарында болады. Аңқасы кеуіп, кенезесі кеберсіген ағайын жауаптылар  бұқара базынасына көз жұмып, қарамаса екен, -дейді олар. 

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар