АУЫЗ СУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІМІН ТАБУДА

13:58, 15 қазан 2020

Балқаш қаласына қарасты Саяқ кентінде өзекті проблемалардың бірі – сумен қамту мәселесі. Тұрғындар жылдар бойы ауыз судың тапшылығын көріп келеді. Биылғы жылы аталған мәселе бір жолға қойылып, оң шешімін табуда. Ең бастысы бұрынғыдай суды тасымалдау мәселесі жоқ

Амангелді Әбдіхалықов Саяқ кентінің тұрғыны. Осылайша ол ала жазды шағын бау-бақшасын баптаумен өткерген. Себебі, биыл суды жаз бойы күніне екі сағат беріп отырған. Қазіргі кезде 7 сағатқа дейін уақыты ұзартылды. Дегенмен мұндағы жұрт үнемшілдікке үйренген «судың да сұрауы барын» жақсы біледі.

Амангелді ӘБДІХАЛЫҚОВ, Саяқ кентінің тұрғыны:

-Мұндағы халық судың қадірін жақсы біледі. Бір кездері вагонмен Балқаштан су тасыған уақыттар да болды. Цистернамен таситын соны көрдік. Флягпен барып ұзынсонар кезекке тұрып тәшкемен таситынбыз. Теміржолға бартын едік, ол осы жерден 3 шақырым жер.

Қазіргі күні бұл ауыртпашылықтар артта қалды. Белгіленген уақыты болса да су әр үйде ағып тұр. Осы уақытқа дейін кентте жер асты суларының қорын зерт­теу мақсатында іздеу-барлау жұ­мыс­тары талай рет жүргізілді. Тіпті 200 метр жерден су да шыққан болатын. Алайда, оның қоры тұтас кентті және кен орынын толық қамтамасыз етуге жеткіліксіз еді. Қазіргі күні «БалқашСу» КММ-сі арқылы сумен қамтылуда. Балқаштан Саяққа дейін созылып жатқан құбыр желісі – 165 шақырымды құрайды. Соңғы жылдары құбырдың 30 шақырымы жаңартылған.

Асқар БОТАХАНОВ, Саяқ кентінің әкімі:

-Кенттегі су қорына 6 мың куб су сияды. Екі резервуар бар. Сол арқылы беріледі. Біз бақылап отырамыз, авария болған жағдайда суды беруді азайтамыз. Күніне 50 тонна су Саяқ кенішіне беріледі. Биыл су құбырының 10 шақырымы жаңартылып, пластикаға ауыстырылды. Келер жылы да осы бағытта жұмыстар жасалатын болады.

Қазіргі күні Саяқ кентінде 3000-ға жуық халық тұрады. Мұндағы үйлердің 90 пайызы орталық жылу қазандығына қосылған. Осыған дейін елді мекенде 6 модуль 22 қазандық болған еді, биыл 3 модульға біріктірілді. Қазандықтар да біршама жаңартылған. Жақында белгіленген кестеге сай кентке жылу берілді.   

Виталий ИВАНОВ, Саяқ кентінің  тұрғыны:

-Мына жерде төрт насос болатын. Қазір екі насос қойылып тұр. Екеуі соцобъектілерді және частный секторларды осы котельныймен айналдырамыз. Одан басқа біріктіргеніміз 1-ші, 2-ші котельный бар. Ол жерде екі үлкен жаңа насос және үш пеш жаңадан орнатылды. Том 1 деген жаңа үлгідегі пеш. Бұл жерлерде 24 кочегар кезектесіп ауысыммен жұмыс жасайды.

Бұдан бөлек, «жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында екі көшеге 27 жарықшам орнатылды. Сонымен қатар, кент ішінде 1 шақырымға жуық кәріз және су құбыры жаңартылған. Тағы бір ескеретіні «Еңбек» бағдарламасы бойынша үш кәсіпкер барлығы 8 млн 500 мың теңге көлемінде несиелік гранттарға ие болып, өз істерін дөңгелетуде.

Ботабек МАРАТҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар