АУЫЛДЫ ТҮЛЕТУ – ҰЛТТЫ ҰЛЫ ЕТУ

15:46, 13 қаңтар 2021

Қарағанды облысында «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру сәтті жалғасуда. Былтыр бағыты айқын бастама аясында 47 жоба құлашын кеңге сермеген. Биыл Осакаров, Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра және Шет аудандарындағы 11 ауылдық елді мекенге ерекше екпін беріледі. Атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиналыста талқыға салынды

Аппараттық жиналыста облыс әкімі Жеңіс Қасымбек «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында атқарылған аудандардағы жұмыстардың жай-жапсарына жіті тоқталды. Аймақ басшысы басты кезекте елді мекендегі  балалар  үшін мектептерде сапалы білім беріліп, ал медициналық мекемелерде тұрғындарға көрсетілетін  қызмет түрлері қолжетімді болуы тиіс, - деді.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, Қарағанды облысының әкімі:

-Елбасының тапсырмасымен 2019 жылдан бастап, аймақтарды дамыту мемлекеттік бағдарламасы аясында арнайы “Ауыл - Ел бесігі”  жобасы жүзеге асырылуда. Жоба 2027 жылға дейін есептелген. Бұл арнайы жобаның басты мақсаты  ауылдық жерлерде өмір сүру сапасын жақсарту,  олардың әлеуметтік ортасын жаңарту.

Өткен жылы аймағымыздағы «Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасы аясында 47 жоба жүзеге асырылған. Олардың басым көпшілігі білім, денсаулық, мәдениет, спорт, көлік және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы инфрақұрылымын жақсартуға негізделген. Ағымдағы жылы "Ауыл - Ел бесігі" бағдарламасы бойынша облыстың үш ауданында 35 шақырым ауылішілік жолдар тақтайдай етіп тегістеледі.

Азамат МҰҚАНОВ, облыстық экономика басқармасының басшысы:

- Тоғыз жалпы білім беретін мектеп пен бір спорт мектебі жөнделді, екі аудандық аурухана мен дәрігерлік амбулатория ғимараттары қалыпқа келтірілді. 25 шақырым су құбыры желілері қайта жаңартылды. Ал, 70 шақырым кентішілік жолдарға жөндеу жұмыстары жасалды.

Аппараттық жиналыста облыс әкімі  «Ауыл - Ел бесігі» арнайы жобасына қарастырылған қаражаттың басым бөлігі биыл тек аудан орталықтарына ғана емес, кенттер мен ауылдарға бағытталатынын да баса  айтты. Дегенмен аймағымызда аталған мемлекеттік бағдарлама шеңберінде ілгерілеген істер ауқымды. Былтыр Шет ауданында «Ауыл - Ел бесігі» арнайы жобасының арқасында 8 бастама қанат қаққан. Соның нәтижесінде шұғылалы өлкедегі екі білім ошағы мен аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу жүргізіліп, көлік инфрақұрылымдары жаңғыртылған.

Бұдан бөлек Осакаров, Нұра, Бұқар жырау және  Ұлытау, Қарқаралы, Абай, Ақтоғай аудандарында бірқатар әлеуметтік нысандар қалыпқа келтірілген. Ал, Нұра ауданының Кертінді ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт, ал Қарқаралы ауданындағы Егіндібұлақ ауылында дене шынықтыру спорт кешені салынады. Сондай-ақ Осакаров ауданының Молодежный кенті мен Ақбұлақ ауылында 7 жоба жүзеге асырылмақ. Қаржыландыру бірнеше мектеп пен ауыл жолдарын жөндеуге де бөлінеді. Бұған қоса облыстың барлық тірек және серіктес ауылдарын қамту міндеті тұр. Жиын қорытындысында аймақ басшысы жауаптылар мен әкімдерге қолға алынған жобалардың сметалық құжаттары тез арада сараптамаға жіберіліп,  жұмыстарды жүйелі жүргізуді шегелеп тапсырды.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

 

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар