АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КҮНІ

15:12, 18 қараша 2019

Қарағанды облысында ауыл шаруашылық қызметкерлеріне құрмет көрсетілді. Кәсіби мерекеге арналған салтанатты кеште егіс алқаптары мен фермалардың үздік еңбеккерлері марапатталды. Олардың кәсіби датасына орай өткен салтанатты кеш көрмемен басталды

Ауыл еңбеккерлері үшін қашан да күз – береке мен мерекенің мезгілі. Көрмеде ауыл тұрғындары азық-түліктің барлық түрлерін көрсетті. Фермерлер сұрыпты картоп пен дәнді дақылдарды, бөдене етін, сублимацияланған ұнтақ бие сүтін қойған.

Георгий ПРОКОП, "Шахтер" ЖШС директоры:    

  •  Астық жинаудағы көрсеткішіміз  гектарына 10 центнерді құрады. Былтырға қарағанда картопты аз жинадық. Өткен жылы 42 тонна алынса, биыл ол 38 тоннаны құрады. Күннің ыстығы, қолайсыздығының әсері бар. Алайда, өнім көлемінің азаюы жұмысымызға айтарлықтай кері әсерін тигізбеді.

Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлері күні – агрокешенді дамытуға өзіндік үлестерін қосып жүрген барлық қала, ауданның еңбеккерлері жиылды. Күзгі науқанды аяқтап, қамбаны сары алтынға толтырып, көкөніс пен өңдеу өнеркәсібін кәсіп еткендерді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек айтулы мерекемен құттықтады.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК, Қарағанды облысының әкімі:

  • Ауыл әрқашан материалдық және рухани негіз болды. Сары Арқа ауылдары айтарлықтай дамып, өсіп келеді. Бұл – сіздердің ерен еңбектеріңіздің нәтижесі. Біз ауылдықтардың сұраныстары өзгеріп келе жатқанын көріп отырмыз. Жас мамандар дипломдармен туған ауылдарына оралып, оны жандандыруға тырысып жатыр. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша қаржыландыру өсуде, оның мақсаты – ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жаңғырту.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша үш кәсіпкер өз кәсібін дамытуға арналған грант иегері атанды. Мысалға, «Жастар жылы» аясында ең жас ауыл кәсіпкері үшін 1 миллион теңгенің грантын 22 жасар Василий Жабяк иеленді. 11 жасында алғаш рет тракторға отырған Василий техникалық университетті аяқтағаннан бері , туған ауылын көркейту жолында еңбек етуде. Ал, Бұқар жырау ауданында тігін саласынан нәсібін тауып жүрген  көпбалалы ана Гүлмира Ысқақова 3 миллион теңгенің қолдауына ие болды.

Василий ЖАБЯК, жеке кәсіпкер:

  •   Ауылдық жер үшін адам күшінен гөрі, технкиалық әлеуеттің жоғары болуы маңызды. Еңбегімізді елеп, осындай қолдауға ие болуы- жаңа техникалық құрылғы алуға мүмкіндік беріп отыр. ендігі кезекте өнім көлемін арттыруға еңбек етеміз.

Гүлмира ЫСҚАҚОВА,  жеке кәсіпкер:  

  • Мен алты баланың анасымын. Отбасылық қажеттілік пен кәсібімді дамыту үшін үш  жыл бұрын көрпе шығаратын тігін цехын аштым. Облыс әкімінің қолдауымен кәсібімді одан әрі  кеңейтуге жол ашылды.      

Сондай-ақ, саланың үздік қызметкерлеріне облыс әкімінің, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің медальдары мен төсбелгілері, құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табыс етілді. Агросалада талмай тер төккен мереке иелерінің озат еңбеккерлеріне   «Сүт өндіру бойынша үздік шаруашылық», «Үздік астық шаруашылығы»,  «Үздік ет экспорттаушы», «Үздік картоп өсіру шаруашылығы»,  «Үздік құс фабрикасы» аталымдарының марапаты табысталды. Осылайша, азық-түлігін молынан қамдап, қыс маусымына сақадай-сай отырған өңір шаруаларының мерейтойы көрігін эстрада жұлдыздары қыздыра түсті. Мереке иелері – ән мен күйдің күмбірі төгілген кештік бағдарламаны тамашалады.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар