АУЛАЛАР ЖӨНДЕЛІП ЖАТЫР

13:38, 12 тамыз 2019

Облыс орталығында абаттандыру жұмыстары қызу жүріп жатыр. Сондай – ақ, «100 аула» бағдарламасы аясында аулаларды қалыпқа келтіру барысы да өз мәресіне жетпек. Мемлекеттік жоба тиісті деңгейде жүзеге асып жатыр ма? Жөндеу жұмыстарының сапасы қандай? Аталмыш сұраққа Қарағанды қоғамдық кеңесінің арнайы комиссия мүшелері жауап іздеп қайтты

Бұқар – Жырау көшесінің 26,28,30 үйлерінің аулаларында жақын арада су жаңа шағын гүлзар пайда болады. Мұнда швед қабырғасымен жасақталған балалар ойын алаңы орналастырылып, көгал төселеді.  Бүгінде үй маңындағы жолдарға асфальт төселіп, жол жиектері мен іргетастары жаңартылды.

Арман ОЛЖАБАЕВ, мердігерлік ұйымның өкілі:

-Жарық тіректері орнатылатын жерлерде ағаштарды сауықтыру шаралары жүргізілді. Егер сіз мұнда бұрын болсаңыз, онда ағаштардың күтімсіз күйін көрген болар едіңіз. Сондай- ақ, бұл ағаштарды үйсіз жандар да өз тұрағына айналдырып алған. Енді, міне, жөндеу жұмыстарының арқасында көше біраз жақсарып қалды.

Керамическая көшесінің бойындағы мына аулалар да жаңа өнге ие болған. Мұнда да жолға асфаль төселіп, отыратын орындар мен қоқыстарға арналған шағын жәшіктер орнатылды. Дегенмен, жұмыс барысы мінсіз орындалды деп айтуға келмейді. Жауаптылар ескі орындықтарды толықтай жоймаған. Міндет соңына дейін орындалмаған. Ол осы маңда ойнап жүрген балалардың қауіпсіздігіне кері әсерін тигізуі мүмкін.

Қоғамдық кеңес мүшелері тозығы жеткен әткеншектерді де назарсыз қалдырмады. Алайда, балалардың сүйікті ойын алаңы ағымдағы жылы жаңартылмайды.

Аула мен тұрғын үйлердің маңын түгелдей тексерген қоғам белсенділері тұрғындардың жауапкершілігі маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Ербол НУКИЧ, Қазыбек би атындағы аудан әкімі аппаратының бөлім басшысы:

-Біз аулаларды абаттандырдық, барлығын қалыпқа келтірдік делік. Уақыт өте мына кішкентай қоқыс жәшіктері толады, сонда тазалығына кім жауапты? Коммуналды қызмет өкілдері бұл контейнердерді тазалаудан бастартып отыр. Тұрғын үй шаруашылық қызметіне міндеттелсін – дейді олар.

Жұмыс барысы қызу жүріп жатқанына қарамастан, комиссия мүшелері міндет мерзіміне дейін аяқталатынына күмәнмен қарауда. Өйткені Қазыбек би ауданынының 50 ауласын қалыпқа келтіруді тек бір ғана компания өз мойынына алған.

Наиля ҚАЙЫРБЕКОВА, Қарағанды қалалық қоғамдық кеңес мүшесі:

-Компания нашар, міндеті көңілден шықпайды демеймін. Дегенмен, мұндай ауқымды және маңызды жұмысты бір ғана компанияның орындағаны тиімсіз деп есептеймін. Екі түрлі компанияға бөліп берсе, жан – жақтан орындалған жұмыс тезірек оң нәтижесін көрсетер еді.

Дегенмен, мердігер жұмыс уақытылы аяқталады деп сендірді.  

Арман ОЛЖАБАЕВ, мердігерлік ұйымның өкілі:

-Біздің штатта 80 – не аса адам тіркелген. Бір ғана тас төсемелерінің бригадасы он адамнан тұрады. Олар бір күнде бірнеше нысанды қамтиды. Сондай – ақ, жергілікті тұрғындар да жұмысқа тартылған. Басқа жұмыс түрлері бойынша да толық қамтамасыз етілдік, техника барлығы бар. Барлығы жан – жақты қамтылған.

Тексерісті тыңғылықты жүргізген комиссия қаланың Оңтүстік – шығыс ауданына да барып қайтты. Язев және Гапеев көшелеріне қарасты шағын гүлзарлар мен аулаларды қарады. Мұндағы қалыпқа келтіру жұмыстары барысында пайдаланылған құрылыс материалдары Қарағанды облысының өнімдері көрінеді. Оның сапасына мердігердің тағар міні жоқ. Сондай – ақ, ол барлық нысандарды қазан айына дейін тапсыруға уәде етті.

Наиля ҚАЙЫРБЕКОВА, Қарағанды қалалық қоғамдық кеңес мүшесі:

-Біз осыған дейін бірнеше мірте айттық та, өтініш те білдірдік. Жұмыс мәресіне жету үшін мерзімді қысқарту керек. Себебі, Қарағандының ауа – райы тосын сыйға толы. Ал, ағымдағы жылы барлық жөндеу жұмыстары үшін ауа – райы өте қолайлы болды.

Қоғамдық кеңес мүшелері жүріп жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Дегенмен, кішігірім ескертулер де жоқ емес және жергілікті билік өкілдеріне қадағалау барысын үдетуді сұрады. Енді күз айында Қоғамдық кеңес мүшелері нысандардың сапасы мен уақытылы тапсырылуын бақылау үшін тағы да тексеріс жұмыстарын жүргізеді. 

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ 

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар