АУЛА ЛИГАСЫ

15:08, 19 тамыз 2019

Қарағандының үздік баскетболшылары марапатталды. Себетті көздеп, қарсыластарынан оза шапқандар арнайы кубок және дипломдармен марапатталып, 50 мың теңге көлемінде ақшалай сертификаттарға ие болды

«Аула баскетболы лигасы» қаламызда осымен үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр. Оған Қарағандының барлық баскетбол жанашырлары мен әуесқойлары қатысты. Әртүрлі аудандардан келген жастар өзара топтасып,  себет мергенін анықтады. Үздік команданы іріктеу барысы екі айға ұласты.

Берік ДОСЫМБЕКОВ, қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы:

-Қазіргі таңда осы шараға қаламыздың 70 командасы қатысты. Бұл дегенің 500 – ден аса ойыншы. Екі дивизионда ойнатылды. Бүгінде ең үздік 32 команда қазір ойнап, өзара бақ сынасып жатыр.

Бұл жолғы сайыс өзгеше сипатқа ие болды. Облыс біріншілігі ерекше, 4 те 4 форматында жүзеге асты. Қос баскетбол сақинасын дәл көздеп, шаршы алаңды жандандырған  спортшыларға да ойынның мұндай жаңа түрге енуі ұнаған көрінеді. Сайыс командалары 4 санаттан тұрды: қыз – жігіттерден құралған 17 жасқа дейінгі жас спортшылар мен 18 жастан асқан баскетболшылар кім мықтыны анықтады. Жоғары деңгейдегі физикалық дайындықты талап ететін  ойында әділ төрелікті Дастан Аяпбек жүргізді. Тәжірибелі маманның айтуынша, аталмыш спорт түріне жыл санап жастардың қызығушылығы артып келе жатқан көрінеді. Қуантарлық жәйтті төреші спортшылардың дайындық деңгейлері жоғары болуымен байланыстырды.     

Дастан АЯПБЕК, сайыстың бас төрешісі:

-Бұрын жасөспірімдер қатарында ойын көрсеткен спортшылар қазір ер жетіп, 18 – ден жоғары жастардан құралған команда қатарын толтырды. Осылайша жаңа командалар құрылып, жыл санап қатысушылар саны да артып келеді.

Фируза Алидодованың баскетболды серік қылғанына он жылдан астам уақыт болған. Бүгінде, аталмыш спорт түрі оның өмірінің бір бөлшегіне айналған. Ал, мұндай сайыстарда талантты жастың төбе көрсетіп жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болған. Бұл жолы да ол дәстүрден жаңылмай, «Персики КарГУ» командасының сапында өнер көрсетті.

Фируза АЛИДОДОВА, турнирдің үздік оыншысы:

-Баскетбол мені физикалық тұрғыдан шыңдап, ерік – жігерімді ұштай түсті. Қарағандыда мұндай сипаттағы сайыстардың ұйымдастырылуы өте қатты қуантады. Сондай – ақ, Қарағанды ең үлкен облыстардың қатарында, мұнда баскетболшылар саны да көп. Олар үшін бұл үлкен мүмкіндік.

Ұйымдастырушылар назарынан спорт жанашырларының ерен еңбектері де қалыс қалмады. Саланың белді қызметкерлері алғыс хаттармен және мадақтау қағаздарымен марапатталды. Айта кету керек, аталмыш сайыс Жастар жылы қарсаңында және Қарағандының 85 жылдығына орай өткізілді.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар