АУЛА КӨРКІ – АБАТТАНДЫРУ

16:29, 3 қыркүйек 2019

2018 - 2019 жылдары Қарағанды қаласының аулаларын абаттандыруға бюджеттен 3 млрд 753 млн теңге қарастырылған. Бүгінде аталмыш бағытта көптеген шаруаның беті қайырылып, аулалар көрікті сипатқа ие болуда. Бір ғана Қазыбек би ауданында 180 жөндеуді қажет ететін ауланың жүзге жуығы қалыпқа келтірілген

«100 аула» бағдарламасы аясында бүгінде облыс орталығының көптеген үй маңдары жаңа сиптқа ие болып, көркейе түскені жасырын емес. Қомақты қаржы қарастырылған мәселе шешімі алғашқы нәтижелерін көрсетуде. Айталық, Октябрь ауданына қарасты жөнделуі тиіс 50 ауланың 14 – і бүгінде 100 %, ал 19 –ы 80 % - ға дайын. Қалған 19 аумақтағы жұмыс қазан айына дейін бітеді -деп күтілуде.

Мейрам ҚОЖЫҚОВ, Октябрь ауданының әкімі:

-Ағымдағы жылы 50 ауланы абаттандыруға 949 млн 847 мың теңге қаржы бөлінді. Мемлекеттік сатып алу нәтижесінде 652 млн 611 мың теңгеге келісімшарттар жасалды. Келісімшартқа сәйкес жұмыс мерзімі ағымдағы жылдың мамыр айынан, қазан айына дейінгі аралықты қамтиды.

Ал, Қазыбек би ауданындағы жұмыстар кестеден ауытқымай, уақытылы жүзеге асып жатқан көрінеді. Мұндағы елу ауланың бүгінде 48 – і дайын.

Татьяна ШАТОХИНА, Қазыбек би ауданының әкімі:

-Бүгінде елу ауланың 48 – де жұмыстар тәмамдалды. Құжатқа сәйкес, бірінші шар – басқару өкілінің болуы. Қазіргі таңда Бұқар Жырау даңғылындағы бірнеше секторда жұмыс жүргізіліп жатыр. Ал, Воинов – интернационалистов көшесіндегі 24, 26, 28 – ші үйдің тұрғындары басқару органын тағайындағаннан кейін біз оларды бағдарламаға қостық.

Дегенмен, халық тарапынан жөндеу жұмыстарына деген наразылық та аз емес. Мердігер компания қалдырған құрылыс қалдықтары, іске қосылмаған көше жарық шамдары және бағдарламаға енбей қалған аулалар тізімі секілді сұрақтар тұрғындар арасында өзекті. Мәселенің туындауына басты себеп – ақпараттандыру жұмыстары жүргізілмеген – дейді қала басшысы. 

Нұрлан ӘУБАКІРОВ, Қарағанды қаласының әкімі:

-Түсіндіру жұмыстары төмен деңгейде жүргізіліп жатыр. Өткен жолы ғана сіздерге міндеттедім ғой. Тұрғындардың көбісі, мысалға, Кромсков көшесінде жұмыстар жүргізіледі, бізде неге олай емес деп сұрақтар жолдайды. Сондай – ақ, құрылыс мәдениетінде де мәселелер жетерлік. Мердігер жұмысын жасайды, ал құрылыс қоқысы сол күйі қалады. Сондықтан, олармен ресми түрде келісімшартқа отырып, қалдықтарын жинауға міндеттеу керек.

Тұрғындар тарапынан жиі қойылатын сауалдардың бірі – бағдарламаға біздің аула неге енбей қалды? Қала басшылығының айтуынша, мұның басты себебі – шаһардағы көптеген тұрғын жайларда басқару органының болмауы. Сондықтан, алдағы уақытта бағдарламадан тыс қалмау үшін қала тұрғындары тиісті өкілмен етене жұмыс жасауды қолға алуы тиіс.

Қала әкімі аталған тапсырмаларды жауаптыларға мерзімінен кешіктірмей бітіруді тапсырды.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар