АУҚЫМДЫ ЖОСПАР. ІЛКІМДІ ЖОБА

14:27, 14 қаңтар 2021

Тегеурінді іс тұрмыс түзейді. Ел әлеуеті мен әлеуметтік-инфрақұрылымды дамытуға бағытталған «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы биыл да жалғасын табады. Шарапаты мол бағдарлама аясында өткен жылы 16 мыңнан астам азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Әлеуметтік саладағы мәселелер де оң шешімін тапты. Облыс әкімдігінде өткен кеңес барысында бағдарлама шеңберінде жүзеге асқан ілкімді істердің қорытындылары мен ағымдағы жылға арналған жоспарлар сараланды

Өңірге қарасты 140 елді мекендегі маңызды нысандарда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүрігізіліп, ел игілігіне берілген. Өткен жылы "Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы бойынша 624 жоба жүзеге асырылды. Бұл білім беру, денсаулық сақтау, спорт және мәдениет, ТКШ және көлік сияқты салаларды қамтыған.

Әсем ЖҮНІСБЕКОВА, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар барқармасының жетекшісі:

 - Бағдарлама шеңберінде облыс бойынша 132 білім беру нысаны енгізілді. 44 мәдениет объектісі, 31 нысан денсаулық сақтау саласы бойынша. Сонымен қатар 21 жоба спорт саласында және 396 коммуналдық шаруашылық бойынша. Жол картасы облыстың 140 елді мекенінде жүзеге асырылды.

Аталған бағдарлама шеңберінде 76,8  шақырым сумен жабдықтау және су құбырларының желілері жөнделді. Бұл орайда, 36 елді мекен сапалы  ауызсумен қамтамасыз етілді. Алғаш рет орталық су құбырына 4 ауыл қосылды. Облыс орталығындағы Кеңдала шағын ауданының тұрғындары тұрақты жылуға қол жетізді. 446 аулада абаттандыру жұмыстары жүргізілді.  Сонымен қатар, Қарағанды, Балқаш және Жезқазған қалаларында 501 көпқабатты үйдің сыртқы келбеті айтарлықтай жақсарды. Айта кетейік, “Жұмыспен қамтудың жол картасы” биыл да жалғасын табады. Бағдарлама аясында бұл жолы апатты мектептердің мәселесі де шешілетін болады.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК,  Қарағанды облысының әкімі:

 -  Біз биылғы жылы апатты жағдайдағы мектептер мәселесін жабу міндетін қойып отырмыз. Бұл мәселе ендігіде күн тәртібінде болмауы тиіс деп санаймын. Алдағы уақытта үш ауысымда оқыту мәселесін де шешетін боламыз, мұндай мектептер аз.

Ағымдағы жылы бағдарлама шеңберінде 19 қанатқақты ірі жоба іріктелді. Олардың арасында денсаулық сақтау саласында жүзеге асуы тиіс маңызды жобалар да аз емес.  

Ержан НҰРЛЫБАЕВ,  облыстық денсаулық сақтау басқарамасының басшысы:

 - Биыл 200 орынға жасақталған облыстың клиникалық балалар ауруханасы қолданысқа беріледі. Майқұдық және Сұрыптаудағы жедел-жәрдем бекеттеріндегі құрылысын аяқтау. Бұдан бөлек, онкологиялық диспансер аумағында 6 мың шаршы метрді құрайтын операциялық блогының құрылысы басталады. 

Сондай-ақ облыс орталығында жаңа мектеп бой көтереді. 6 жаңа спорт нысаны пайда болады. Бағдарлама есебінен Балқаш, Саран, Шахтинск қалаларындағы жылумен жабдықтау мәселелері де оң шешімін табады.

Жеңіс ҚАСЫМБЕК,  Қарағанды облысының әкімі:

 - Қоңырат ауылында жылу желілері тартылады.. Биыл күзде тұрғындар жұмыстың нәтижесін көреді. Сондай-ақ Шахандағы қазандық аяқталады. Біз Шаханда көппәтерлі үйлердің жартысын жылумен қамтамасыз ету міндетін қойып отырмыз.

Өңірдегі көптеген күрмеулі мәселелер биылғы жылы шешілетін болады. Бірде-бір қала немесе ауыл назардан тыс қалмайды. Ол үшін  “Жұмыспен қамтудың жол картасынан” бөлек, түрлі мемлекеттік бағдарламалар мен облыстық бюджеттен ақша қарастырылатынын аймақ басшысы атап өтті.

Азамат СЕРІКХАН

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар