«ARMANGA JOL» МАРАФОНЫ ӨТТІ

16:15, 8 қазан 2019

Қарағандыдағы №1 – ші білім – инновация лицей – интернаты «Арманға жол» ұранымен 4 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті. Білім ошағының 242 оқушысы мен 105 ата – анасы барша халықты салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Дәстүрге айналған марафон осымен екінші мәрте ұйымдастырылып отыр

Оқушы, ата – ана және ұстаз арасындағы ынтымақтастықты арттыру. Бұл «Арманға жол» марафонының ұстанымы. Салауатты өмір салтын насихаттаған белсенділер Теміржол вокзалы маңынан №2 білім – инновация лицей – интернатына дейін 4 шақырым қашықтықты жүгіріп өтті. Мақсат – мәреге бірінші жету емес.  Мықты рух пен бірлігі берік ұжымдықты көрсету.

Қанат ЕГЕНБЕРДИЕВ, №1 білім – инновация лицей – интернатының директоры:

-Біздің басты мақсатымыз марафонда бірінші келу емес, сыныптың, ата - ананың, мектептің бірінші келуі. Екіншіден, бір - біріне деген қарым қатынас, қолдауды арттыру. Мысалы, бағана бір бала құлап бара жатып, ата - ана оны көтеріп, қал - жағдайын сұрап, оған мотивация беріп қолдау көрсетті. Міне біздің мақсатымыз осы.

Желаяқтардан қалыс қалмай, ұрпаққа өнеге дарытқан аяулы әже Ақыл Әубакірова бұл марафонның белсенді қатысушысы. Бес бала тәрбиелеп өсірген ардақты ана бұл шараға 7 сыныпта оқитын немересін қолдауға арнайы келген. Игі бастамаларда төбе көрсету парыз – дейді ол.

Ақыл ӘУБӘКІРОВА, Олжас Даниярдың әжесі:

-Салауатты өмір салтн ұстану керек. Кейінгі жас ұрпақтың денсаулығы мықты болу керек. Осындай марафондар жиі өткізілсе деп ойлаймын. Қатысушыларға жалынды сәлем.

Студенттік өмірге бір қадам жақындаған 11 сынып оқушылары да денсаулық мерекесіне қуана қатысты. «Арманға жол» деген ерекше атауға ие марафон оларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған көрінеді. 

Әсет ҚАЛИ, 11 сынып оқушысы:

-Көбінесе марафонға сыныппен атсалысуға тырысамыз. Басты ерекшелігі - марафонға балалармен қоса ата - аналарының қатысуы. Осындай "Арманға жол" марафонының болуы да бір ғанибет.

Жаппай жүгіру шарасы марапаттау рәсімімен қорытындыланды. Ұйымшылдығымен көзге түскен командалар мақтау қағаздары мен қомақты сыйлықтарға ие болды.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

 

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар