АРАЙЛЫ АЛТЫН КҮЗ

15:41, 11 қазан 2018

Мысы балқыған, ырысы шалқыған Балқаш қаласында «Алтын күз» фестивалі мәнді де, мазмұнды мерекеленді. Шуақты шарада этно мәдени бірлестіктер өкілдері мен мектеп оқушылары және бақша бағбандары бір кісідей белсенділік танытты.Бармағынан бал тамған қатысушылардың көкөніс пен жемістен жасалынған туындыларын көрермен таңдай қағып тамашалады

Балқаштықтар үшін «Алтын күз» фестивалінің алар орны ерекше. Ал берекенің бастауы саналатын мерекеде этно бірлестік өкілдері   тек өзін-өзі  таныстырудан бөлек, бейбіт елімізде орнаған ұлттардың достығын дәріптеді.Олар көпшілік көрерменді өнерлерімен тәнті етіп қана қоймай,  дәмі тіл үйіретін ұлттық тағамдарын ұсынды.

Раиса ФАЙЗРАХМАНОВА, татар этномәдени бірлестігінің өкілі:

-Мереке мәртебемізді асқақтатып, мерейімізді үстем етті. Маған өте қатты ұнады. Қуанышымды  сөз сабақтау жеткізу мүмкін емес. Бүгінде Балқаш жұртының тұрмысы түзу, бірлігі  бекем.

Талантты балалардың  көңілді биі де  шаттықты шараның көркін қыздыра  түсті. Бұл күні арнайы келген Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері  көздің жауын алатын көрмені тамашалады. Жеміс –жидектер мен көкөністерден жасалынған сан алуан  композициялар да қатысушылардың ұшқыр қиялымен қабысып өрілгендей.Он бір жасар Рахат Дүйсенбай алтын күзге бір бойы тыным таппай дайындалыпты.Өрімдей ару мына «Балалар алаңқайы» атты туындысын тек жемістерден әзірлеген.

Рахат ДҮЙСЕНБАЙ, шараға қатысушы:

-Мен жүзімді интернеттен қарап жасадым.Қоян мен бауырсақты дайындап әкелдім.  Осындай мерекелер көп болса екен деп тілейміз.

Көрерменді арқа-жарқа күйге бөлеген «Алтын күз» концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахнадағы  елорданың әсем келбетін айшықтайтын көрініс те  халықты серпілтіп тастады.Жастардың шырқаған  патроиттық әндері жүректен-жүрекке жетті.Керімсал кеш соңында балқаштықтар қашанда оттай жайнап жүре берейік деген ниетпен от шашу шашылды.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар