АПАТТЫ ЖАҒДАЙДАҒЫ ТҰРҒЫН ҮЙ

15:38, 9 қаңтар 2019

Жезқазған қаласының Анарқұлов көшесіндегі 2-ші үйдің тұрғындары баспаналарының апатты жағдайда тұрғанын айтып, дабыл қағуда. 50 жыл бұрын салынған ескі үйдің қабырғасы сөгіліп, терезесі шытынап жатыр, - дейді олар. Техникалық сараптама жүргізуді талап етіп, тиісті мекемелерге талай мәрте хат та жазыпты.

Жезқазған қаласының Анарқұлов көшесіндегі мына бес қабатты тұрғын үй осыдан тура 50 жыл бұрын салынған. Тұрғындар қазір оның апатты жағдайда екенін айтып, дабыл қағуда. Қабырғасы жыл сайын қисайып келеді, сосын жертөлесіне тіреу қойдық, - дейді олар.

Надежда РОСТОВЩИКОВА,  ПИК төрайымы:

- Егер тұрғындар үй апатты десе, міндетті түрде тексерген абзал деп есептеймін мен. Қабырғаның ажырап жатқанын анықтайтын арнайы құрылғы орнату керек. Әсіресе, 4-ші және 5-ші подъездерге. Сонда белгілі болады.

Үй белсендісі Галина Блашкевич базынасын айтып, талай табалдырықты тоздырыпты. Әзірге нәтижесіз. Оның айтуынша, үйге жапсарлас салынған дәл мына дүкен қабырғаны қисайтып жатыр екен. Сондықтан тездетіп техникалық сараптама жасауды сұрайды.

Галина БЛАШКЕВИЧ,  Жезқазған қаласының тұрғыны:

-Қабырғаға түскен қысымға шыдамай, тереземіз шытынап, сынып кетті. Біз оны 17 мыңға өз күшімізбен ауыстырдық. Бірақ әйнегіміз екінші рет тағы сынды. Сондықтан үйді толық тексергенін қалаймыз. Ол өтінішімді айтып, бармаған жерім жоқ. Талай құзырлы мекемелерге хат та жаздым. Бірақ нәтижесіз.

Жергілікті атқарушы билік бұл жайдан хабардар. Үй апатты емес, тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ, - дейді олар. Ал оны құжатпен дәлелдеу үшін, жуырда техникалық сараптама жасатпақ. Биыл бұл мақсатқа бюджеттен арнайы қаржы бөлінген. Енді ол жұмысты атқаратын компаниялар арасында тендер жарияланбақ.

Алиса САҒЫМБАЕВА, Жезқазған қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

- Тұрғын үй апатты деп есептелсе, онда тұрғындарға жаңадан үй беруге немесе күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге сондай жұмыс атқарылады. Жергілікті атқарушы орган сол үйдің тұрғынының өтініші бойынша, бірнеше рет барып жаңағы үйге техникалық зерттеу жасаған өз күшімен, төтенше жағдай мамандарымен бірге барып қараған. Осыдан соң мен айта алмаймын, ол үй қатты апатты үй деп.   

Мамандардың айтуынша, жалпы қазіргі күні Жезқазған қаласында барлығы 24 апатты үй болса, соның 15-і жөндеуге мүлдем жарамайды екен. Ондағы тұрғындарды өзге баспанаға көшіру үшін шамамен 3,5 - 4 миллиард теңге ақша керек. Ал өкінішке орай, қазынада ондай қаражат жоқ. Қазір дәл осы апатты 15 үйдің 300-ге жуық тұрғыны үреймен күн кешіп жатыр. Оларды бір мезгілде жаңа баспанамен қамту мүмкін емес. Сондықтан жергілікті билік қосымша қаржы көздерін қарастыруда. Әзірге тек бір ғана, мына Жеңіс көшесіндегі 11-ші үйдің тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріліп, оларға өтемақы төленді.

Айдана ДАСТАН

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар