АПАЙТӨС ПАЛУАНДАР КҮШ СЫНАСТЫ

17:40, 16 шілде 2018

Қарағандылық спортшылар Америка Құрама Штаттарының ең үздік палуандарымен белдесті. Елімізде тұңғыш жалауын желбіреткен бәсекеде білек күші мен біліктілік сынға түсті

Қарағандылықтар құрлық асып жеткен американдық спортшыларды зор ілтипатпен қарсы алды. Қонақжайлық танытып, меймандарды салт дәстүр бойынша күтіп алып, қос тарап кәде-сыйлармен алмасты.

Қос құрам бір-бірімен таныстырылып болған соң, жарыстың салтанатты ашылуы ізгі құттықтаулармен жалғасты. Облыстық спорт және дене шынықтыру бақармасының жетекшілері мен  күрес саласындағы кіл мықтылар палуандарға сәттілік тіледі.

Нұрғазы ЖАРЫЛҒАПОВ, облыстық еркін және грек-рим күресі  федерациясының вице-президенті:

-  Бұл тарихи сәт деуге болады. Америкалықтармен жолдастық кездесу өткізу жастарға да зор тәжірибе бермек. Құрамадағы жігіттерге сенім артып отырмыз. Әрине, бұл жерден жеңіп шығу кім кімге болмасын, оңай емес.

Шетелдік делегацияны, 1972, 1976 жылдарғы Олимпиада ойындарыдың жүлдегері– Джон Петерсон бастап келді. Құрамның бас бапкері-Стив Баррет АҚШ-тан келген спортшылардың дені университеттер арасындағы жарыс жеңімпаздары екенін алға тартты.

Стив БАРРЕТ,  жаттықтырушы /АҚШ/:

-Өте қуаныштымыз. Қазақстанмен арадағы байланыстың жемісі, міне, спорт ұлт талғамайтынын ескерсек, бүгінгі жарыстың берері мол. Қос құраманың да тың дайындықпен келегені анық. Алайда, жеңіске жетуді көздеп отырмыз.

Ізгі тілек, жылы лебіздерден соң жарыстың алғашқы жұбы бозкілемге шығып, күш сынасты. 65 келіден жоғары салмақта қарсыласынан айласын асырған Антоний Аншольд қарағандылық спортшылардың қарымы мықты екеніне таңданыс білдірді. Ұпай айырмасымен командасын алға сүйреген Антонийдің алдағы жоспары да ауқымды.

Антоний АНШОЛЬД,  жарыс жеңімпазы /АҚШ/:

- Мен күресіп жатқан тұста, қарсыласымның әдіс айласына түсіп қала жаздадым. Сәл шегініс жасағанымда мен ұтылып та қалар ма едім. Спортшылардың шебер әдіс қолданушы екенінің куәсі болдым. Жалпы, мен қарсыласыммен бозкілемге шықпас бұрын,  егжей-тегжейлі біліп, әдістерінен хабардар болдым.

Бірінші жолдастық кездесуде 22 палуан 11 салмақ бойынша белдесті. Ел намысын қорғаған спортшылар арасында аймақтың талай жүлдесін қанжығаға байлаған әккі бозкілемшілері болды. Ал, Марат Молдашев 61 келіде американдыққа ұпай айырмасымен  жол беріп қойды.

Марат МОЛДАШЕВ,  спортшы:

-Маған шыны керек, тәжірибе жетіспеді. Жеті жыл осы салада тер төгіп жүрмін. Алайда, қарсыласым едәуір мығым болып шықты. Әлі де, дайындықты күшейтемін. Сәті түссе биіктерді бағындырам деген сенімдемін.

Осылайша, Қазақстан-Америка құрамалары еркін күрестен тартысқа түсіп, тәжірибе алмасты. Екінші жолдастық кездесу 15 шілде күні жалғасын тауып, сайыс жеңімпаздары анықталды.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар