«АЛТЫН СҰҢҚАР» ИЕЛЕРІН ТАПТЫ

19:24, 26 маусым 2019

Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесі қарсаңында әр қаламгер еңбегінің еленгенін күтеді.Бұл-заңдылық. Облыс әкімінің дәстүрлі «Алтын сұңқар» сыйлығы биыл да лайықты иелерін тапты

Осымен 13 жыл қатарынан табысталатын «Алтын Сұңқар» дәстүрлі сыйлығына 100-ден аса бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкері өтініш білдірген.  Әлеуметтің әлеуетін көтеру жолында, ел экономикасын арттыру бағытында аянбай тер төгіп, жаһандағы жаңалықтарды бұқараға жеткізуде үлес қосып жүрген қаламгерлер ұлықталған салтанатты сәтте облыс әкімі Ерлан Қошанов жылы лебізін білдірді.

Ерлан ҚОШАНОВ, Қарағанды облысының әкімі:

-Біз сіздермен көп жағдайда бірге боламыз. Облыстағы кез келген жағдайды халыққа жеткізу сіздердің жұмыстарыңыз. Аұпарат ашықтығы қашанда басты орында. Сондықтан бір-бірімізге әркез қолдау көрсетеміз деп сенемін

Аймақ басшысының «Алтын Сұңқар» сыйлығының бас жүлдесін  "Қарағанды журналистикасының дамуына қосқан үлесі үшін" аталымы бойынша  Жезқазған қалалық "Дидар"  телеарнасы еншіледі.

Базарбай ӘЛЕУХАНҰЛЫ, «Дидар» телеарнасының директоры:

-Бұл біздің ұжымның жеңісі. Баршаға рахмет айтамын. Ақпарат саласында өнімді еңбек етуге тағы бір үміт артылды деп сенемін.

Сондай-ақ, жеңімпаздар арасында облыстық «SARYARQA» телеарнасының білікті мамандары да бар. «Жылдың үздік шығармашылық жұмысы»  аталымы  бойынша Айжан Әбдірахманова марапатталды. Ол 2007 жылдан бүгінгі күнге дейін облыстық арнада монтаждаушы, 2016 жылдан бастап режиссер болып қызмет етеді.  Осы аралықта ол өзін кәсіби маман ретінде көрсете білді. Сонымен қатар, «Еңбек адамы тақырыбын үздік жариялағаны үшін» номинациясы бойынша «Жаңалықтар» бөлімінің шеф-редакторы Жанар Алпысбаева да үздік деп танылды. Ол 10 жыл уақыт ішінде телеарна эфиріне түрлі тақырыптағы бағдарламаларды көреремен назарына ұсынды. Сондай-ақ, жаңалықтар бөлімінде редактор, журналист болып қызмет атқарды. Бүгінгі таңда орыс редакциясының жаңалықтар бөлімінде шеф-редактор болып жұмыс істеп жүр.  

Айжан ӘБДІРАХМАНОВА, «SARYARQA» телеарнасының режиссері:

-Бұл марапаттың астында 12 жылдық еңбек жатыр. Бұл біздің ұжымның жеңісі. Біздегі білікті мамандардың арқасында осндай дәрежеге жеттім деп сенемін. Әлі де үйренерім көп, осы жолда еңбек ете береміз.

Дауренбек БАҚДАУЛЕТ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар