АЛҒЫС АЛҒАН САРБАЗДАР

12:09, 22 мамыр 2020

Ұлттық ұланның 52 859 әскери бөлімінің жүзден аса сарбазы жақын арада үйлеріне оралады. Отан алдындағы борышын өтеушілерді туған жерлеріне жеткізу үшін бөлімше арнайы техника қарастырып отыр. Олар Алматы мен Солтүстік Қазақстан облысының жастары

Бұрын БАҚ өкілдеріне есігін айқара ашатын Ұлттық ұланның 52 859 бөлімшесінің табалдырығын аттау, бүгінде  мүмкін емес. Дегбірді алған пандемия салдарынан сақтық шаралары қатаң жолға қойылған. Әскери нысанның қақпасына блок бекеттерін орнатқан, жақтауындағы "Карантин" жазуы да көзге оттай басылады. Жақындарымен қауышамын деп күн санап жүрген сарбаздармен ғимарат сыртында бет - перделерімізді тағынып тілдестік.

Бұл - жалыны мен жігері, көрген жанды сүйсіндірер кәріс баласы Сергей Ли. Боз бала Оңтүстік астанадан Арқаға азаматтық міндетін атқарамын деп келген. Бір жыл бойы жақындарынан жырақта болып, жауынгерлік мектептен тәлім алды. Осы аралықта сарбаз қақаған қыстың ақ түтек боранында қар құрсауында қалған жүздеген адамды құтқарды. Қарқаралы жерінде болған өртті сөндіру жұмыстарына қатысып, кешегі қатардағы жауынгер қазір аға құтқарушы дәрежесіне жетті. Осынау өрелі жас ендігі - өмірін әскери саламен байланыстыруды көздеп отыр. 

Сергей ЛИ, сарбаз:

- Осы жыл ішінде мен әскери және кәсіби біліктілігімді шыңдадым. Көптеген достар таптым. Әскери қызметтен алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Енді болашақта дәл осы әскери бөлімде шарт бойынша қызметімді жалғастыру жоспары бар. Біздің сарбаздарға оңай тиген жоқ. Ерлік көрсетуге тырыстық. Бұрын әкелеріміз екі жыл әскерде болған. Сондықтан, біздің бұл қызметіміз түк емес.

Қатардағы жауынгер Азамат Оспанов. Бір қарағанда  көзге ұяң, сөзге шорқақ көрінгенімен, жас жігіт қауып-қатер төнген кезде 120 адамның өмірін сақтап қалды. Ол оқуын тәмамдап, 22 жасында борышын өтемекке ниет білдіріпті. Әскери сапта қажырлы еңбек пен қайсарлықтың үлгісін көрсете білген.

Ақжол АХМЕТОВ,  сарбаз:

-Абыроймен өттік. Көптеген нәрселерді үйрендік. Тәртіпті, құтқару жұмыстарын. Көптеген дос та таптым.

2019 – дың көктемінде әскерге шақырту алғандарға оңай соққан жоқ. Олар боранды қыста құтқару жұмыстарына жұмылдырылып, қызыл жалынмен арпалыса өрт сөндірді. Енді міне эпидемиямен күрес жолында дезинфекциялау жұмыстарына етене араласуда. Бір жыл бойы қанатының астына алып, тәлімін төккен аға буын өкілдері де өз сарбаздарын мақтан тұтатынын жеткізді.

Еркебұлан КӘРІМОВ, №52859 әскери бөлімінің бөлім бастығы:

-Олардың барлығын үйлеріне жеткіземіз. Өзіміздің арнайы техникамен. Олардың ата - аналарына осында ержүрек ұлдарды тәрбиелегені үшін алғысымды айтамын. Олар еліміздің қиын уақытында адалдық үлгісін көрсетті. Мен сарбаздармен мақтанамын.

Сарбаздарды ресми шығарып салу рәсімі келесі аптаға жоспарланып отыр. Бөлімше басшылығы қанатын қатайтқан боз балаларды Мақтау қағаздарымен марапаттамақ. Оларға мінездеме беріліп, әскери билетпен жұмысқа орналасу мүмкіндігі қарастырылған.

Ал, бұл еліміздің басқа өңірлерінде азаматтық борышын өтегендерді қарсы алу сәтіндегі бейне көріністер. Олар кеше Қарағандыға арнайы әскери поездбен жеткізілді. Карантин салдарынан сарбаздарды әскери міндетінен босату барысы кейінге шегерілген болатын. 

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар