АРҚА ЖҰРТЫ М.АДАМБЕКОВПЕН ҚОШТАСТЫ

14:32, 20 қаңтар 2020

Бүгін Қарағанды жұрты - арқаның ән өнерінің алтын діңгегі, бірегей өнер иесі – Мейірхан Адамбековты ақтық сапарға шығарып салды. Марқұммен қоштасу рәсіміне келген жұрттық қарасында шек болмады

Арқадан шығып Алашты, одан әрмен төрткүл дүниені әнімен таң-тамаша еткен Мейірхан Сәйдіұлының ақтық сапарына зиялы қауым мен өнер саласының өкілдері, жақындары  мен шәкірттері түгел жиналды. Ол  Біржан мен Ақан Серінің, Жаяу Мұса мен Мәдидің, Шашубайдың, Естай мен Ғазиздың және т. б. әндерін ұлттық нақышпен орындаған болатын.

Абзал НҮКЕНОВ, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары:

-Ешкімге ұқсамайтын ән өнерінде қайталамайтын ән өнерінің мезгілсіз қазасы қабырғамызды қайыстырып кетті. Қайғыға ортақтасып, үкіметтік хат жолдап, әлеуметтік желіде көңіл білдіріп жатқан барша жұртқа Адамбековтар әулетінің атынан алғысымызды білдіреміз.

Мейірхан Адамбеков 1958 жылы 1 шілдеде Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы Томар ауылында туған. Ол бірқатар Республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты.  Франция, Швеция, Австрия, Болгария, Голландия, Венгрия, Ресей сияқты елдердің сахналарында дәстүрлі өнерімізді дәріптеп, қазақтың төл мәдениетін таныта түскен азамат еді.

Қайрат БАЙБОСЫНОВ, ҚР халық әртісі:

-Даусы ешкімге ұқсамайтын. Өзіндік жолы болды. Тамаша әнші еді. Осы уақытқа дейін Мейірхан айтқан Біржанның әнін айтып шыққан ешкім жоқ. Өте қиын болып тұр маған. Әрі шәкіртім, әрі досым, әрі бауырым еді, иманды болсын деміз...

Аманжол ӘЛТАЙ, ҚР Мәдениет қайраткері, ақын

-Мейірхан ағамыз ел ағасы болып, кемелденіп, енді ақсақалдыққа қарай қадам басам деп, біздің ортамызда жапырағын жайып, тамырын тереңге жайған шағында ортамыздан кетіп барады.

Даланың дархан дарабозы, ән әлемінің падишасы болған Мейірхан Сәйдіұлы осылай  мәңгілік сапарға аттанды. Қаралы жиында мемлекет және қоғам қайраткерлері, министрлік пен елшіліктен, республикамыздың өзгеде облыстары мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларынан  көңіл білдіру хаттары келіп түсіп жатқаны айтылды.Өнер әлемінің биігінде тұрған азамат Соқыр өзені маңындағы мұсылмандар бейітіне жерленді.Марқұмның қырқы -ақпан айының 23-ші жұлдызына белгіленді.

Дәуренбек БАҚДӘУЛЕТ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар