АЙМАҚ БАСШЫСЫНЫҢ САПАРЫ

16:20, 18 қыркүйек 2020

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жұмыс сапарымен Шет ауданында болып қайтты. Өңір басшысына "Ауыл - ел бесігі" және "Жұмыспен қамтудың жол картасы" мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асырылу нәтижелері көрсетілді. Аудандық аурухана, білім ошақтары жөнделіп,саябақтар мен жолдар ретке келтірілді. Дегенмен ауданда әлі де түйіні тарқамаған мәселелер де бар. Жергілікті тұрғындар облыс әкімімен кездесу барысында қордаланған мәселелерін жеткізді.

Алдымен аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек Ақадырда ат басын бұрды.  Облыс әкімі сапар барысында  сондағы  ақсақалдармен кездесті.

Бүгінде оларды толғандыратын тақырыптардың бірі - медицина кадрларының жетіспеушілігі. Ауыл тұрғындары салалық мамандарға қаралып, ем алу үшін кейде бірнеше шақырым жол жүрулеріне тура келеді деп шағымданды. Сонымен қатар, жыл сайын мүмкіндігінше жолдарға  жөндеу жұмыстарын жүргізсе деген тілектерін жеткізді.

Жергілікті әкім Дәурен Кәрсембаев биыл Ақадырда «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында ауқымды жұмыстар жүргізілгендігін атап өтті. Мәселен, төрт көше мен  үш жол қиылысы, мәдениет үйі және мектеп шатыры жаңатырлған. Бұдан бөлек,  вокзал аумағында кәрізі құдықтары қойылған.  Жауын-шашын кезінде  бұл аймақ үнемі су астында қалатын.

Дәурен  КӘРСЕМБАЕВ, Ақадыр кентінің әкімі:

- Айта кету керек, тағы да жұмыстар атқарылып жатыр. Көше тренажері, балалар ойын алаңы салынды.  Саябаққа да жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұның барлығы халықтың игілігі үшін жасалып отыр.

Сондай-ақ, биыл "Нұрлы Жер" бағдарламасы бойынша 24 пәтерлік екі үйдің құрылысы басталды. Мердігер  компнаия оларды жыл соңына дейін тапсыруға уәде береді. Бүгінде бұл аймақта 260 адам тұрғын үй  кезегінде  тұр. Жеңіс Қасымбек жылыту маусымына дайындық барысын да тексерді.  Облыс әкімі ауылды жарықпен, сумен және жылумен қамтамасыз ететін "Электржабдықтау" ЖШС-де арнайы барды. Кәсіпорын есептеуіштердің көрсеткіштерін беру кезінде цифрлық технологияларды пайдаланатынын атап өтті.

Ал Ақсу-Аюлы ауылында аурухана жаңа келбетке ие болды.  Жөндеуден өткен медициналық мекеме тұрғындарды қабылдай бастады.   Өткен жылдың желтоқсан айында Жеңіс Қасымбек жұмыс сапары барысында дәрігерлердің жұмысы мен пациенттерді қабылдау үшін оңтайлы жағдай жасауды тапсырған болатын.  Бұл орайда "Ауыл - Ел бесігі"  бағдарламасы аясында қаражат бөлінген. Нәтижесінде,  күрделі жөндеу жасалып,  жаңа медициналық жабдықтар сатып алынды.

Айта кету керек, Ақсу-Аюлыда жаңартылған спорт мектебі де жас спортшыларды қабылдауға дайын. Аталмыш нысанда ағымдағы жылы  жөндеу жүргізілді. Қазір құрылысшылар ғимараттың қасбетін қалыпқа келтіруде.Сапар соңында облыс әкімі Қарағанды – Балқаш бағытында жол құрылысын жүргізіп жатқан мердігерлермен кездесті. Олар мүмкіндігінше жыл соңына дейін айналма жолдардың санын азайтып, жаңартылған тас жолдың бір бөлігін ашуды жоспарлап отыр.  Бүгінгі таңда аталмыш жол бойында екі мыңға жуық адам жұмыс істейді.  Оған 650 бірлік техника жұмылдырылған.

Азамат СЕРІКХАН

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

"АРАЙ" БАЗАРЫН ӨРТЕГЕН ЕКІ КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ
16:34, 23 қазан 2020
"АРАЙ" БАЗАРЫН ӨРТЕГЕН ЕКІ КҮДІКТІ ҰСТАЛДЫ
Толығырақ...

Танымал жаңалықтар