АЙМАҚ БАСШЫСЫ ҚАЛАНЫ АРАЛАДЫ

16:55, 20 наурыз 2020

Әлемді алаңдатқан жұқпалы індетті жұқтырғандар Қарағандыда да тіркелді. Төтенше жағдай жарияланып, аймақ басшысы арнайы жасақталған бекеттерді аралады. Сонымен қатар, Жеңіс Қасымбек жұмыс барысында жөнделуі тиіс жолдарды да көріп, жүктеген тапсырмаларын нақтылай түсті

Қазір аймақ бойынша осындай алты бекет жұмыс жасауда. Олардың әр қайсысының миссиясы айқын. Сырттан келген жолаушылар қатаң бақылауға алынады.Дене қызуын өлшемегендер  облыс шекарасынан өтпейді. Ал, денсаулығында аурудың қандай – да бір белгілері байқалса, бірден карантинге алынып, ақ халаттылар жіті тексереді. Шұғыл шаралар кенді шаһарды карантинге жапқан жағдайда күшейтіліп, блок бекеттерінің саны 15 – ке жетуі мүмкін.

Әлеуеттің үрейін алған жұқпалы дерттің көлеңкесінде, өзге әлеуметтік мәселелер қалмауы тиіс. Осы мақсатты берік ұстанған аймақ басшысы Қарағандыдағы тұралап қалған қоқыс шығару жұмысын да көзбен көріп, бағасын берді. Сынның садағынан көз ашпайтын «Горкомтранс» компаниясы міндетіне жүрдім – бардым қараған. Ол қаланың 82 % қатты қалдығын уақытылы тазартуы тиіс болатын.

Виктор ИВАНОВ, «Горкомтранс» ЖШС директоры:

- Бұның бәрі айналып келгенде қаржылық мәселелерге бағынышты. Тариф төмен. Техника сатып алмағанымызға бірнеше жылдың жүзі болды. 14-16 ғана арнайы көлігіміз бар. Осындай жағдайға байланысты қысқы мерзімде көліктерімізді жөндеп алуға шешім қабылдадық.

Қаланың тазалығына бағасын беріп, тексерісті күшейтемін - деп кесіп айтқан облыс әкімі бұдан соң, жөнделіп жатқан жолдарға барды. Мұнда да кенжелеген жұмыстың көрінісі көзге оттай басылады. Мәселен, Теміртау мен Қарағандыны жалғаған күре жолдың сапасы әр бөлігінде әр түрлі. Жеңіс Махмұдұлы мердігерлерге олқылықты жаздың екінші айына дейін жоюға және маңызды міндетті толығымен уақытылы тәмамдауға пәрмен берді.

Ал, бұл бірнеше жылдан бері жөндеу жұмысы жөнді жүргізілмеген  Оңтүстік – шығыс айналма жолының өзекті мәселесі тез шешілуі тиіс – дейді жауаптылар.

Басыбайлы баспананың салмақты сауалы да қашанда өзекті. Сондықтан, атқарушы орган өкілдері жұмыс барысында салынып жатқан үйлердің сапасын да бағалады.

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар