«АЙБЫН-2019»

16:24, 19 маусым 2019

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиынының ашылу салтанатына қатысты. Спасскі аумағындағы оқу-жаттығу алаңында 5 күнге созылатын әскери-патриоттық додада 600 астам жас сынақтан өтпек

Облысымызға табан тіреген ҚР Президенті – Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қ.Тоқаев әуелі әскери полигонда құрылған далалық лагерьдің жағдайымен танысты. Осы орайда, соңғы үлгідегі қару-жарақтардың көрмесін тамашалап, ішкі әскердің тыныс-тіршілігін бақылады.

«Айбын» республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны осымен 5 жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Оған қатысуға еліміздің әр өңірінен 700-ге жуық жеткіншек келген. Жарыстың ашылу салтанатына қатысқан мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі буынға мол сенім артылып отырғанын жеткізді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Отанымыз – Мәңгілік елдің беделін арттыра беру – Сендерге артылған зор үміт. Сондықтан, Жастарымыз ұлттық құндылықтарымызға адал болып, Қазақстанның жетістіктерін еселей береді деп мен кәміл сенемін. Республикалық әскери-патриоттық жастар жиынын Ашық деп жариялаймын.

Президент құттықтауынан соң, алаңға әскери шеберліктері шыңдалған сарбаздар мен өнерлі жастар шығып, әскери қойылым қойды. Осы тұста әскери техникалық әл-ауқат пен сарбаздардың да қырағылықтары сынға түсті. Жалпы, уақыт оздырмай көпшілік өртке оранған учаскедегі тосын жайттың куәсі болды.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ, тілші:

-Тіпті, қарағандылық сарбаздар Президент Қ.Тоқаевқа тұтқиылдан шапқан жауды ауыздықтаудағы шеберліктерін көрсетті. Әуеде қалықтаған ұшақтан оқ жаудырылып, жаудың орналасқан аумағы әп-сәтте жойылады. Ал, жердегі жауынгерлер көк түтінге оранған аумақтағы қашқындарды бірден қолға түсіреді. Осылайша, сарбаздар Президентке қандай жағдайға болмасын әзір екендіктерін көрсетті.

«Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына қатысушылардың басым бөлігі әскери училещеде білім алатындар. Одан бөлек әскери кафедраларда оқып жатқан студенттер де өздерінің бақтарын сынауға келген.

Сәулет ИСАЕВ, «Жас зеңбірекші» әскери-патриоттық клубының капитаны:

-Біздің дайындығымыз өте жақсы. Жеңіске деген құлшыныс жоғары.

Олар еліміздің әр өңірінен іріктеліп алынған. Әскери училищеде білім алатын жеткіншектер бірнеше сайыс түрі бойынша кіл мықтыдан кім мықтыны анықтамақ.  Қорғаныс  министрлігінің өкілдері байқаудың ауқымы жыл сайын кеңейіп жатқанын айтады.  

Айталап ҚОРҒАМБАЕВ, ҚР Қорғаныс министрлігі спорт комитетінің төрағасы:

-Жылдан жылға қатысушылар саны артуда. Барлығына бірдей ортақ тәртіп, ортақ талап.

Сондай-ақ, Президент Тоқаев жас балғындармен бірлесе   Ұлы дала сарбаздары 2050 уақыт капсуласын салу рәсіміне қатысты. Ал, еліміздің әр аймағынан келген айбынды өрендер  түрлі спорттық жаттығулар бойынша 22 маусымға дейін күш сынасып көрмек.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар