5 – 10 – 20. БАҒДАРЛАМАНЫҢ ЖАҢА БАҒЫТЫ

20:19, 4 маусым 2020

11 мамыр күні мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Кемелұлы Тоқаев 5-10-20 бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырған еді. Қазір жаңа жобаның жай – жапсары әзірлік үстінде. Барлығы ойдағыдай болса, 1 шілдеден бастап, үй кезегінде тұрған ел азаматтары баспанаға ие бола алады – деп отыржауаптылар. Сонымен, мемлекеттік бағдарлама аясында кімдер үйлі болады?

Әйгерім екі баланың анасы. Осыдан алты жыл бұрын жалғызбасты ана ретінде баспана кезегіне тұрған еді. Қазір мына алақандай бөлмені қып – қызыл ақшаға жалдап отыр. Өзі Майқұдық перенаталдық орталығында дәрігер. Айлық табысым отбасымның шығынын өтеуге жетеді – дейді. Ендігі мақсаты – өзгенің үйін паналап, қалтасын толтырмай, өз баспанасына иелік ету. Ол үшін тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен шот ашып, мерзімді салымын өтеп жүр.

Әйгерім ҚОНАҚБАЕВА, тұрғын:

-Жалдамалы үйде тұрып жатқанымызға 13 жыл болды ғой. Балаларым қашан біздің өз үйіміз болады екен, қашанғы жалдамалы пәтер жалдап жүреді екенбіз деп айтады. Осы бағдарлама мен үшін үлкен мүмкіндік. Осылай үй алсам екен деп ойлаймын. 

Баспана бас қайғысына айналып, үй кезегінде тұрғандардың саны Қарағандыда 37 мыңнан асып жығылады. Жалдамалы пәтерді жағаламай, жанға жайлы жеке тұрғын үйге қол жеткізудің тағы бір жолы  – 5 – 10 -20.  Бұл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының құрамдас бөлігі саналатын пилоттық жоба. Мемлекет есебінен аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруға облысқа 24 млрд теңге бөлінген. Оның 6 млрды дәл осы жаңа жоба аясын қамтымақ.

Абылай СМАҒҰЛОВ, облыстық құрылыс басқармасы бөлім басшысының м.а.:

-«Нұрлы Жер» бағдарламасына өзгерістер енгізіледі. Жаңа бағдарлама бойынша халықтың табысына қарайды. Жыл соңына дейін 560 пәтер салынады.

Ең әуелі, болашақ пәтер иесі жергілікті атқарушы органда үйге мұқтаж жандардың тізімінде болуы шарт. Екінші – соңғы алты айда зейнетақы қорында тұрақты төлем жүргені абзал. Отбасының табыс деңгейі де есепке алынады. Жан басына шаққанда, кіріс бір адамда – 101 270 теңгеден аспау керек. Бүгінде үй кезегін сарыла күткен жерлестеріміздің 9 мыңында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» жеке шоты бар. Бұл салымшылар баспаналы болуға тағы бір қадам жақын деген сөз.

Айдын ТӨЛЕУОВ, «ТҚЖ банкі» АҚ №1 қызмет көрсету орталығының басшысы:

-Бұл бағдарламаға қатысу үшін жергілікті атқарушы органнан жолдама болу керек, содан кейін алты айлық табысын дәлелдеу керек. Бұған қоса, біздің банкте депазиті болу керек. Осындай талаптар. Нақты уақытта халыққа кеңес беру жұмысын жүргізіп жатырмыз.

Аталмыш жоба облыстың үш қаласын қамтиды. Олар: Қарағанды, Теміртау және Балқаш. Пәтер құны аймақ тұрғындары үшін 15 миллионнан аспауы қажет. Несиені уақытылы өтемегендер үшін де жол ашық. Бастысы, құжат тапсырарда кешіктірілген міндетті төлеміңізді толықтай жапсаңыз болды. 

Аягөз ТҰРСЫНБАЙ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

 

 

 

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар