Ынтымағы айрандай ұйыған жұрт мәре-сәрә болып, көңілді бағдарламаларды тікесінен тік тұрып тамашалады. Ұлттық спорт түрлерін ұлықтау да ұмыт қалған жоқ. Құйрық жалы тал шыбықтай бұралған сәйгүліктерге ерсіз мінген балғын шабондоздар астың көркін қыздырып, ауылдың шаңын аспанға шығарды
Көпке үлгі, жастарға өнегелі шараны Керней қоры ұйымдастырды. Он жыл бұрын Берік Әрінұлы мен батыр ұрпақтары бабасының басына құлпытас қойған еді. «Өлі разы болмай, тірі байымайтынын» әсте ынтамен ұғынған азаматтар ата -дәстүрге сай құран оқып, дұға жасады.Сексен тарта тігілген ақшаң киіз үйде рудан тараған ұрпақтың бауырмалдығы мен көшбасшылығын алыстан аңғартқандай. Ат жарысы да арландай жастармен көпшіліктің арқасын қоздырып, қиқуға бастырды. Бабы келіскен қырыққа жуық тұлпар отыз бес шақырым қашықтықты желдің жылдамдығымен жарысқандай көрмеді. Аламан бәйгеде Шет ауданынан келген Дәулет Манабаевтың сәйгүлігі шашасына шаң ілестірмеді. Ал түйе палуандардың боз кілемдегі белдесуінде Ержан мен Олжас Шынкеевтерге тең келер қарсылас табылмады. Тактикасы келіскен, салмағы теңескен ағайындылар бауырлықтан аттамай, жүлдеге таласпай ағасы інісіне жолын берді. Бас жүлде басқаның қанжығасында кетпей бәрібір Шынкеевтерге бұйырды. Күміс көмей жез таңдай әнішілер шөлдеген қарашаны ән мен жырға қарық қылды. Керней батыр найзасын жақынына емес жауына сермеген тау тұлға. Жәңгір ханның бас қолбасшысы болғанда хас дұшпанын сұсымен сескендірген сардар. Болмысы бөлек, тұрпаты ерек бахардүрді кешегі Ақтамберді жырау мен Сүйінбай бабаларымыз жырға қосқандығынан-ақ саралай беріңіз. Ел басына күн туғанда төр менікі деп менменсіген, мысықтілеулі қастарды ызбарымен қаймықтарған, туырлығын тескілеп тоқым еткен Жарылғап, Балта, Бодық батырлар қазақтың намысын жыртып, жерін қорғаған .Қара сөзбен нарды идірген Қара би, Бәйсейіттер дауларды бітімгершілікпен шешкені тарихтың ақ таңдақ беттерінде сайрап жатыр. Батырдан тараған бүгінгі сарқыншақтары ала сөйлеп ұлыққа емес, адал айтып халыққа жағуда. Көкбөрі Керней қорының қолдауымен батыр-билерінің мазарлары жөнделді. Белоруссиядағы Кеңес одағының батыры Қазыбек Нұржановтың зиратына көктас қойылды.
Жанбота РАХМЕТУЛЛА