ПЕДАГОГТАР ТӘЖІРИЕ АЛМАСТЫ

12:37, 28 сәуір 2018

Қарағанды қаласында білім беру ресурстарын жетілдіру мақсатында республикалық семинар өтті

«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының бастамасымен жүргізілген шара өңірімізде екі күнге жалғасуда.

Республикалық семинарға еліміздің әр облысынан 50-ден астам оқу орнының басшылары мен ұстаздар қауымы қатысты. Әр өңірден жиылған педагогтар осыған дейін «Дарын», «Мұрагер», «Білім инновациясы» білім ошақтарының тәжірибесімен алмасып қайтқан болатын. Бүгін олар Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп интернаты ұжымымен танысып,  мұндағы оқу үрдісінде  заманауи ресурстарды пайдаланудың ерекшеліктерін тамашалады. Өзге облыстан келген ұстаздар ІТ технологиясы бойынша өткізілетін сабақтарға қатты қызығушылық білдірді. Олар шәкірттердің  үш тілде еркін сөйлеп, ғылыми-зертханалық жұмыстарды оқу барысында тиімді қолдануына таңданыс білдірді. 

Рақымжан ХАМЗА, Лицей директорының орынбасары / Батыс Қазақстан облысы

Біз осында 5 адам келдік. Кешеден бері үш оқу орнында болып, оқыту ерекшеліктеріне куә болдық. Ұстаздар қауымы үшін алар тәжірибе жетерлік. Алған тәжірибемізді өз білім ошағымызда қолданатын боламыз.

Меймандар жетінші сыныптан бастап таза аудармасыз ағылшын тілінде өткізілетін сабақтардың өткізілуіне жоғары бағасын беріп отыр. Заман ағымынан қалыспай, білім беруде үнемі саланы жаңғыртып отыратын білім ошағы жетекшілері  оқушылардың  кез-келген зияткерлік тапсырманы мүлтіксіз орындауға қауқарлы екендігіне сенімді.

Сейфулмәлік СҰЛТАНОВ,  Н.Нұрмақов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының директоры

Біздің оқыту бағдарламамызбен қонақтар жан-жақты танысуына бар мүмкіндікті жасадық.  Шәкірттердің бір күндік оқу бағдарламасын қалай өткізетініне куә болдық.

Дәл осындай білім саласының қызметкерлерін топтастырған республикалық семинар былтыр Павлодар қаласында өтсе, биыл Қарағанды өңірінде жалғасын тауып отыр. «Алдағы жылы аталмыш шара өзге де аймақтарда өткізіліп, ұстаздар қауымының бала оқытудағы шеберліктері шыңдалады деген сенім мол»,- дейді қарағандылық педагогтар.

Мақсат БЕЙСЕНАЕВ

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар