ШЫҒАРМАШЫЛ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСУ

17:42, 30 қаңтар 2019

«Құс жолына бір көшім тіреледі». Осындай атаумен Қарағандыда ақын, жазушы Серік Сағынтайдың жастармен кездесуі өтті.

Елбасының биыл «Жастар жылы» деп жариялауы жастарға үлкен серпіліс берді. Кешке жиналған зиялы қауым өкілдерінің пікірі бұл. Арқаның ақындары мен жазушылары, аға буын өкілдері жастармен кездесіп, аталған игілікті бастаманың аясында емін-еркін ой өрбітті. Шара барысында өлең оқылып, асыл сөздің маржаны төгілді.

Серік АҚСҰҢҚАРҰЛЫ,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын:

-Бұл игілікті бастама. Біздің арқаның шығармашыл жастарын жұмылдырып, ауқымды жұмыстар атқаруға ден қою керек. Сол үшін де бүгін бас қосып отырмыз. Өлеңмен өмірлері өрнектелген жастардың пікірін білейін деп келдік.

«Қасым» республикалық әдеби-қоғамдық журналының бас редакторы, ақын әрі жазушы Серік Сағынтайдың жастармен арнайы кеш ұйымдастыруы бекер емес. Алғаш болып бұл бастаманы қолға алған ол тек отырыс пен форумдармен шектелмеу қажеттігін айтады. Шара барысында Серік Сағынтайдың шығармасынан қойылым көрсетілді. «Жыр-Жауһар» поэзия клубының жастары ақынның елдік пен ерлік, өмір жайлы өлеңдерін оқыды.

Серік САҒЫНТАЙ, Қазақстан Жазушылар одағының ҚФ төрағасы:

-Қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар, көркем әдебиетке сүбелі үлесін қосқан ел ағалары жиналып отыр. Елбасы бастап берген бастаманы қолға алдық. Біздің мақсат - осы тапсырманы межелі әрі сапалы орындау.

Биыл «Жастар жылы»  аясында облыс әкімі Ерлан Қошановтың бастамасымен «Қарағанды облысы жастарының жинағы» шығарылады деп жоспарлануда. Ерекшелігі, бұл туынды өзге тілдерге де аударылмақшы. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы жастардың әдеби кеңесін құру жоспарда бар.

Айдана ДАСТАН

Тегтер: Қарағанды жаңалықтары мен оқиғалары, Қарағанды облысының соңғы жаңалықтары, Қарағандыдағы жаңалықтар

Тақырып бойынша материалдар

Танымал жаңалықтар