Алдымыздағы жексенбі күні мәдениет және өнер қызметкерлері кәсіби мерекелерін тойлайды

Салтанатты мереке қарсаңында облыс әкімі осы саланың майталмандарын марапаттады. Аймақ басшысының сыйлығын иеленген үздіктер туралы дүйсенбі күнгі Жаңалықтарымызда толығырақ айтатын боламыз.Ал бүгін Қарағанды қаласы әкімі бір топ мәдениет қызметкерлеріне құрмет көрсетті

21:40, 19 мамыр 2017   276

Жалындаған жастарды өнерге қанаттандырған, талантты өрендерді үлкен сахналарға жетелеген мамандар шахар басшысының сыйлығына қол жеткізді. Сәні келіскен салтанатты  шара дәстүрге сай биыл да жалғасын тапты. Мақтау-марапаттар мәдениет қызметкерлеріне жеті аталымға сәйкес берілді. Өз ісінің шеберлері «Мамандыққа адалдығы үшін»  және «Жылдың үздік хореографы» сынды номинациялар бойынша ұлықталды.

Нұрлан ӘУБӘКІРОВ Қарағанды қаласының әкімі  

Құрметті мәдениет саласының қызметкерлері, біріншіден баршаңызды мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтаймын.Елбасы Нұсұлтан Әбішұлы Назарбаев, әрдайым мәдени мұрамыздың маңыздылығына ерекше мән беріп отырады. Мәдениет саласының қызметі - тұлғаның рухани қалыптасуына, мемлекеттік тұғырдың орнауына үлес қосуда. Бүгінгі күні мәдениет саласы қоғамдық көңіл күйге зор әсер беруші болып табылады. 

Үздік кітапханашы аталымында Гүлбаршын Жұманованың бағы жанды.Ол Мұхтар Әуезов атындағы кітапханада жиырма екі жыл бойы жұмыс істеп келеді.Міндетіне асқан зор жауапкершілікпен қарайды.

Гүлбаршын ЖҰМАНОВА М. ӘУЕЗОВ атындағы кітапхана меңгерушісі

Бәріне үлкен рақмет! Зейнеткерлер, мектеп оқушылары, студенттер  бәрі бізге кітап оқуға келеді. Бәрін осы мерекемен құттықтаймын! Бәріне жақсылық тілеймін!

Жиырма екі жасар Санжар Әшкенов те жасындай жарқырады. Жас болса да дарынды жігіт білдей-бір ансамбільге жетекшілік етеді. Оның шәкірттері халықаралық және республиқалық байқаулардан құр қол келген емес.

Санжар ӘШКЕНОВ  қазақ халық аспаптары ансамбілінің жетекшісі

Барлық мәдениет қызметкерлеріне творчествалық табыс, сарқылмайтын шабыт тілеймін! Біздің «Күй керуені» домбырашылар ансамблінің құрылғанына 3 жыл болды. Сол себептен балалар жыл сайын тәлімгерлер қабылданып,ансамбльдің құрамына қосылады.

Тал шыбықтай бұралған бишілер мен ұйымдастырушылар да тарту-таралғыдан шет қалмады. Әрбір жеңімпазға 100 мың теңгеден табысталды.

Жанбота РАХМЕТУЛЛАҰЛЫ

«Қазақстан-Қарағанды» телеарнасының ресми сайты

100000, Қарағанды қаласы, Жауынгер-интернационалистер көшесі, 14 үй Байланыс телефондары: 8 (7212) 41-11-25